Елубай ӨМІРЗАҚОВ «ИСАМЕН БІРГЕ БОЛҒАН ШАҚ АҚЫН ӨМІРІНЕН»
1923 жылы август айында қазақтың халық ағарту институтына оқуға келдім. Институт ол уақытта Орынбор қаласында (қазіргі Чкалов) болатын. Осы институтта Исамен таныстым. Оқуға келген соң-ақ драма үйірмесін ұйымдастырып, ойын-сауыққа ептейлі жігіттердің басын қостық. Бұл үйірмеде Иса да бар еді. Осы үйірме-де Иса өзінің зор талантты екендігін көрсетті. Драма үйірмесінде жүргенде Исамен талайлар айтысты; бірақ біреуі де Исаға тең келіп, қатарласа алмады. Иса сахнаға шыға келгенде, оны жұрт сүйсініп қарсы алатын. Оған әртүрлі тақырып беріп, өлең айтқызатын; Иса берілген тақырыптардың бәріне де іркілмей, саспай жауап беретін.
Өз жасымда Исадай ақынды кергем жоқ. Ол кезде жұмысшы факультеті, совет-партия мектебі және басқа да оқу орындарында ойын - сауық үйірмелері болды. Бірақ бәрінен күштісі біздің институт еді. Біз ойын қоямыз дегенде, кеңсе қызметкерлері де келетін.
Сол Исамен 1925 жылы Қызылордада қазақ театрын аштық. Бұл кезде Иса бұрынғыдан да күшейді. Үлкен сахнаға шыққанда, жел қайықтай есіп жөнелетін. Сөйтіп, концерттің жартысын Иса алатын.
Оның жасаған образы «Бәйбіше тоқалда» күйеу жолдасы еді. Тағы бірнеше пьесаларда ойнаған рольдері өте жақсы болатын. Жаз айында, 1926 жылы біздің театр, Қызылордадан Алматы, Қарқараға қарай гастрольге шықты. Бізбен бірге Иса да, Әміре де болды. Қарқараға кетіп бара жатып, бір елге қондық. Иса ақынды көргесін, ауыл адамдары:— Мұнда атақты ақын қыз бар, соны айтыстырамыз — деп ақын қызды алдырды. Ол қызды Иса алты ауыз өлеңмен жеңді.
Иса, Әміре дегендер театрдың афишасы болатын. Күн бұрын ел біліп отырады. Күндіз Иса мен Әмірені көреміз деп келгендер үйге сыймай кететін.
1931 жылы Исамен бірге Түрксиб бойын аралап, Семей, Павлодарға қарай бардық. Бұл сапарда да Иса өзінің асқан шеберлігін көрсетті. Жол бойы Исаның өнеріне риза болмаған, оған алғыс айтпаған адам болған жоқ.
Сол Исамен 1934 жылы опера театріне кеткенше бірге болдым. Концертке бірге шығып жүрдік. Менің айтып жүрген әндерімнің де сөздерін Иса жазған еді.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды