Иса Байзақовты мен бірінші рет 1933 жылы Алматыда көрдім. Сол жылы драма театрынан Жұмат Шанин бастаған бір топ артистер жеке музыкалы студия болып бөлініп шықты. Ол топтың ішінде Әміре, Қанабек, Күләш тағы басқаларымен бірге Иса да бар еді. Музыкалық студия Мұхтар Әуезовтың «Айман - Шолпан» деген музыкалық пьесасын сахнаға қойды. Сол музыка-лық театр кейіннен опера театры болып құрылды. «Айман - Шолпанның» қойылуы қазақ музыка театрында үлкен бір жаңалық болды. Сол бір маусымның ішінде «Айман - Шолпан» 101 рет қойылды. Мен өзім премьерасында болдым. Алғашқы ойындарында Иса Байзақов та қатынасып, ақын Жантықтың ролінде ойнады. Оркестрге қосылмай-ақ осы операда домбырасымен бірінші рет «Желдірмесін» орындаған еді. Исаның театрға келгеніне халық қуанып ұзақ уақыт қол шапалақтады. Көрермендердің тілегіне орай ол қайта-қайта сахна төріне шығып еді. Исаның «Желдір-месі» халыққа кең тарап, Ғарифолла, Жүсіпбек тағы да басқа әншілер орындайтын болды.
Исаның «Желдірмесін» біздің композиторларымыз өз шығармаларында да кеңінен қолдан-ды. Мысалы, Брусиловскийдің Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне арнап жазған «Желдірме» деген симфониялық поэмасының желісі Исаның желдірмесіне құрылған. Исанікі дейтінім, Исадан бұрын бұл «Желдірмені» ешкім айтпап еді. Исаның өзі шығарғанына еш күмәнім жоқ. Оның әрі ақын, әрі композитор болуы осыдан. Ал Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм оттары» контатасында Исаның тағы бір «Желдірмесі» толық пайдаланылған. Театр жұмысына, концерттерге қатысып тұрса да Иса өзін ең алдымен ақынмын деп есептейтін. Бірақ Иса қазақ музыкасына едәуір үлес қосты. Ол көп әндерге сөз жазған. Иса басқа ақындардай емес, өлеңді бірден шығарып тастап жүре беретін. Сосын оған қол да қоймайтын. Міне, соның салдарынан көп әндері қазіргі күнге дейін халықтың әні делініп жүр.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды