Иса ақын десе бала шағымнан елең ете түсетінмін. Иса ақынның есімі біздің Ертіс айнала-сында сонау жиырмасыншы жылдардың басынан-ақ ерекше бір даңқпен, ынтық лебізбен дуылдай ескен еді. Әке-шешеден ерте айрылып, жастайынан жетімдік, жалшылық азабын шеккен Иса бала кезінен тапқыр, ділмәр болып өссе керек. Халқының асыл сөз мұрасына құмар бұл зерделі бала өлеңге, домбыраға жастайынан-ақ машықталып, жиын-тойларда екілене өлең айтып, құйқылжыта ән шырқап ауыл-аймағын тамсандыра бастайды. Исаның ақындық сипаты, өлеңді қапелімде шығарып өзінше шеберлікпен, артистік машықпен айтуы Ертіс бойына аңыз болып тарады.
«Қарашы, домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра екі шекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болдың ғой серкесіне»
Иса ақынға сырттай еліктеген біздер, сол тұстағы жас өрімдер бұл өлеңді қосыла шырқаушы едік.
Аты әйгілі Иса ақынды мен 1921 жылдың октябрь айында көрдім. Осы жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасының бір жасқа толуына байланысты Ертіс жағасында зор мереке өткізілді. Бұл жиынға Ертіс атырабының шартарабынан халық қаптай жи-налды. Мерекеге, әкемнің қасына еріп, сонау Тәттімбет жазығынан сегіз жастағы бала Қалижан - мен де келдім.
Бұл ұлы тойға Иса ақын қатысады деген дулы лепес ел құлағына ерте шалынған еді. Ра-сында да осы мерекенің қыздырма көрігі, жар-қылдаған жұлдызы - Иса Байзақов болды. Шар-шы топтың дәл ортасында құлашын, домбырасын қыранның қанатындай сермеп, ексімдеп өлең-детіп отырған ақынның қасына жету де қиын еді. Ақан серімен бір кезде айтысқа түскен менің әкем Нұрғожа осы Иса ақынмен де бір тұста қағысып қалғаны бар, кейін екеуі бірі - аға, бірі - іні болып татуласып кеткен-ді. Бұл өңірге аты мәлім әкем қалың жиынды жарып өтіп, Исаның дәл қасына барып отырды. Мен де әкеме жабысып сол араға жетем керек. Әлі күнге есімде - Иса ақын, (сол жылы жасы жиырма бірдегі балаң жігіт екен-ау) үстінде қара костюмі, тебіндеген мұрты бар, көзі өткір, құлпырған қалпында өңін жүз құбылтып, екіленіп өлең шырқап отыр екен. ¥лы Октябрьді, ¥лы Ленинді, қазақ халқының еркіндігін, бақытын асқақтай бір жырлап өтті білем. Содан кейін Исаны естіп білген өлеңшіл қызба жұрт - ақынды пай-пайлап мадақтап алып, оған қолма-қол тақырып жаудырды. Иса, кейбір өлеңші-жыршылардай домбырасын бұрап, күйлендіріп жатпады, бірден, қапелімде тапсырма тақырыптарды жұлқына жырлай жөнелді.
Менің өлеңқұмар бала қиялыма Иса ақын сол кезден бастап өлең деген қасиетті өнердің саңқылдаған қыраны, тұяғы от шашқан тұлпары болып дүмбірледі.
Иса Байзақовтың импровизаторлық, тапқырлық, айтыскерлік өнері - қазақ поэзиясындағы абзал, төтенше бір көрініс. Алуан жиындарда, талай айтыстарда Иса алдына жан салмаған, нелер ділмәр ақындарды тапқырлықпен тұқыртқан от ауызды, орақ тісті дарын. Иса ақынның - Керекуде, Семейде, Орынборда, Қызылордада, Алматыда қалың халық бас қосқан жиындарда, сахна төрінде алуан көріністі сипаттап құлпыра өлең айтқаны, асқақтап ән шырқағаны - қазіргі ақсақал достарымның, жасы ұлғайған мендей інілерінің жүректерінде тұр.
Ал, Иса творчествосын тереңдеп барласақ - бұл сегіз қырлы тамаша дарынның ең күшті, асыл қырын - оның жазба өнерінен - поэмаларынан айрықша көрінеді. Кейбір зерттеушілер Иса - суырып салма ақын, домбырашы ақын деген бір жақты, ағат пікірден арылмай келеді. Рас, Иса - бұрынғы Ақан сері, Біржан сал секілді әнші, импровизатор ақындардың дәстүрін совет заманында өзінше өрістеткен сері ақын.
Расында да ойлы, зерделі ақын білікті де еді. Иса, Абай секілді өз бетінше оқып-үйренуінің үстіне Семей, Орынбор қалаларында орта мектептерде, ағарту оқу орындарында мезгіл-мезгіл оңып біліп алған ақын, өз бетінше Пушкин, Лермонтов, Абай сынды ұлы ақындардың шығармаларын құмарта оқып, олардың өлең өнегесін зердесіне мол тоқиды.
Пушкин, Лермонтов туындыларына ынтық және олардың үлгілерін жадына сақтап келген-дігіне бір мысал келтіре кетейін. 1939 жылы июнь айында болса керек, Қазақстан Жазушылар одағы халық ақындарын бір айлық семинарға шақырды. Сол топқа жасы үлкен, ұстаз ағалар қатарында мен де дәріс оқыдым. Бұл семинарға Иса ақын да қатысты. Иса ағамен, бір кезде оның тамаша дарынына тамсана қараған мен, енді бұл шақта бұл кісіге жақын іні, дәмдес дос болып кеткен едім... Бір күні мен Сервантестің атақты Дон-Кихоты туралы лекция оқып тұрып еліге тым ұзақ сөйлеп кетсем керек, кенет Исекең ұшып тұра келді: «Әй, білгішім, мына шал-дарды шаршатып, диірменмен айдаһар деп алысқан, қойлармен дұшпан деп соғысатын бір дәнекүсті ертегілеп көңіте бергенше данышпан Пушкин, Лермонтов, поэзиясы жөнінде айтпай-сың ба?»-деп маған ажырая қарады. Расында да Дон-Кихотқа елігіп өзім де бөсіп кетсем керек.
Оларды да білем ғой, кейін айтармын,- деп қипақтадым. Мұндайда әсілі тартынып көрмеген Иса:
«Златой Восток, страна чудес,
Страна любви и сладострастья.
Где блещет роза - дочь небес,
Где все обильно, кроме счастья,-
деп күмбірлей айтты да,- ал білгіш болсаң, осы өлең кімдікі, айтшы?- деп шұқшия қалды, мен абыржып қалдым.
- Сірә,Лермонтовтікі шығар,- деп едім,- онда Лермонтовтың қай поэмасынан?- деп сұрады. Мен күмілжіп айта алмадым.- Соны білмейсің бе, оқымыстым,- «Ажал періштесі» деген поэмасынан,- деп Исекең мені тойтарып тастады.
Алғыр Иса тегінде Пушкин, Лермонтов поэмаларын қызыға оқып, олардан өз шығармаларына көп тағлым алған өнегелі ақын. Иса поэмаларында Лермонтовтың, әсіресе «Кавказ» поэмасының әсерлері көбірек сезіледі. Иса поэзиясының алғашқы көркем туындысы «Құралай сұлу» (1925). Бұл поэманы мен кітап болып шыққаннан кейін 1926 жылы оқып едім. Сол - бала шағымда бұл поэмадан алған әсерлерім қазірге дейін көкейімнен кеткен емес. «Құралай сұлу»- Совет тұсындағы қазақ поэзиясында туған тарихи, романтикалық, махаббат сарынындағы тамаша тың дастан еді. Бұл шығармада алғыр ақын халқымыздың шапқыншыларға қарсы ерлік күресін махаббат трагедиясымен, табиғат сипаттарымен, өр де қайсар кейіпкерлерінің жан тебіреністерімен қандай шебер ұластырған! Елі үшін қатерлі айқасқа түскен ер жүрек Келден, сүйікті жұрты үшін және махаббат сапарында қаза тапқан Құралай сұлу, ескі салт-санаға қарсы шығып, озбыр, феодал Құсан торын бұзып, еркіндікті аңсаған Еркежан мен Балағаз («Алтай аясында») шынайы, ізгі ғашықтық жолында қуғын-сүргін көрген, қаза тапқан өжет, сері жігіт Әмірхан, оның намыскер абзал жары Ақбөпе («Ақбөпе» поэмасынан), сондай-ақ махаббат бостандығы үшін-арпалысқа түскен Қырмызыңыз бен ер Жанай - бұл қызықты да, аянышты да, өр бейнелерді Иса ақын керемет шеберлікпен бейнелеген.
«Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды.
Ертек қып тауда қыран, түзде - тоты,
Ғашықтың өмірінен сыр жырлайды.
Халықтың қасіретін жанмен ұққан
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды!» -
деп тебіренеді. Мұндай тебіреніс сезімдері ақынның барша дастандарында буырқанып тұр.
Поэмада романтикалық кейіпкерлер жасауда, өр, намыскер бейнелер, күшті характерлер мүсіндеуде - Иса ерекше өнегелі ақын. Бұған жоғарыда аталған бейнелер дәлел.
Иса ақынның Лермонтов сарынында жазылған «Кавказ» атты тамаша поэмасы - мәдениетті, шебер ақынның үлгісі. Бұл романтикалық дастанда асқаң ақын кавказдың өр кеуде, намысқой жандардың махаббат шерменделері Бағда мен Зайданың, жатқа, жалқыға ғашық қызы Зайданың күйігімен жартастан өзі құлап өлген кәрі Жүсіп тұлғалары қандай терең толғаныспен сипатталған. Бұл бейнелерден Лермонтовтың кавказдық поэмаларындағы асқақ образдарды сезінгендей боласың. Тіпті жыр ағынында да сондайлық өршілдік толқиды:
Тілдесіп зәулім шыңы аспанменен,
Тәкаппар, иілмейді қарап төмен.
Мақтаны ұлы Кавказ - қарт Қазбек,
Жалғыз-ақ сүйіседі күн төбеден.
Төменде екпіні аяз қайнар жылып,
Долының ашуына самал күліп
Көпіріп тас тербеткен асау Терек,
Жүрегін Қазбектің қардан тіліп.
Табиғат пішіндері, адамның жан құбылыстары, әсіресе сұлулардың сипаттары Иса дастандарында шебер, тамаша өрнектеледі.
Талма түстің шағындай бой нұсқасы,
Түйген жібек секілді түйме басы.
Кәмшат бөрік шашақты және үкілі
Төгілген қара мақпал, құндыз шашы...
Жамбыдай тән үстіне әліп тартып,
Мықынсыз сұлу суға кетті батып
Қанатымен қағынған аққуға ұқсап,
Шомылды сумен ойнап шапылдатып.
(«Құралай сұлу»)
Поэзия тіл өрнегінің үздік зергері Иса ақынның дастандарынан мұндай үлгілерді мол келтіруге болар еді...
Иса Байзақов тек тарихи, ерлік, махаббат дастандарын ғана жырлаушы ақын емес, сонымен бірге ол өз заманының, социалистік дәуірдің ерлік күрестерін, совет адамдарының шаттық бақытты өмір көріністерін құлшына жырлаған азамат ақын. Ақын өзінің көптеген өлеңдерінде көсеміміз Ленинді, Ленин партиясын, ¥лы Октябрьді, жаңа құрылысты шабытпен жыр етеді. Өзі тумысынан әнші, композитор Иса кезінде, жастар әлі де шырқап салатын әндер мен ән текстерін де көп шығарды. «¥лы құрылыс» атты көлемді поэмасы ¥лы Октябрь, Ленинді, социалистік құрылыстың өрелі кезеңдерін, еңбек жеңістерін сүйсіне жырлайды. Исаның беріректе жазған «Он бір күн, он бір түн» атты поэмасы Москвадан сонау Қиыр Шығысқа самолетпен тоқтаусыз тура сапар шеккен, қатерлі қиындықтарды бастан кешкен Отанымыздың үш қаһарман қызы - Марина, Валентина, Полинаның ерлік жорығына арналады. Бұл поэмада да асқақ әуендер, романтикалық сарындар басым.
Мен 1943 жылы Иса ағаны Түлкібас ауданында кездестірдім. Ол кезде әскери қызметте едім. Алайда басшылықтан мүмкіндік алып, сол ауданның колхоз-совхоздарын Исамен бірге араладым. Жұртшылықтың Исамен кездесуі - бір мереке, тамаша концерт еді. Көптеген әлеумет алдында Иса түрлі тақырыпқа, соғыстағы ерлік шайқастар жайында көбірек сыр шертті. Әсіресе балалары майданда қаза тапқан ата-аналарды жылатып та, жұбатып та күңіренген жырлары - жан тебірентерлік еді. Бұл сапарда сүйікті ақынына халық ізгі ізетпен, жомарт көңілмен зор құрмет, сыйлық көрсетті. Есімде, Исекеңнің дәу қара чемоданы бар еді, сол чемодан жұрт сыйлаған ақшаға лық толды. Санағанымызда 10 шақты мың болса керек. Жасынан мал, мүлік жинамай өскен сері ақын, ізгі патриоттың сезім билеп, сол мол қаржыны Отан қорғау қорына тапсырды. Иса ақын халқының қадірлі еркесі болып өтті. Партия мен үкімет Иса Байзақовтың әдебиеттегі еңбегін жоғары бағалап, ақынды 1939 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады.
Иса поэзиясы халқымыздың, әдебиетіміздің өшпейтін келелі асыл мұрасы.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды