1943 жыл. Декабрь. Пролетарь көшесіндегі жазушылар үйінің жалаң қабат жатаған үйіне барып, бір бос бөлмеде өлеңдерімді аударыстырып қарап отырғанымда үстінде етек-жеңі бүрмелі келте сары тоны бар, қырықтың қырқасына шығып қалған бір кісі кіріп келді. Газет-журналдардан бұрын суретін көріп жүргендіктен бе, мен Иса Байзақовты бірден тани кеттім. Сәлем беріп, өлеңдерімді портфеліме салғалы жиыстыра бастадым.
- Жоқ, жинамай қоя тұр шетінен бастап оқы! - деді. Көздерінен от төгілгендей. Менің қарсы алдымдағы орындыққа отырды. Қимылы шапшаң, оралымды. Мен өлеңдерімді оқи жөнелдім. Анда-санда Исаның жүзіне бір қарап қоямын. Шамасы ұнатып отырғандай. Бір мезгілде бөлменің есігі айқара ашылды. Үстінде сұр шинелі бар бір жігіт екпіндей кіріп келді.
- Мен өзіңізді, тұп-тура өзіңізді іздеп жүрмін. Аға лейтенант менің сәлемімді шала-пұла қабылдап, Исаға шалқая тік қарады.
- Тайыр, мынау бір ақын бала екен... Майданнан келіпті. Өлеңдерінде майданның оты, қорғасынның түтіні, дәрінің иісі бар ма деп қалдым. Өлеңдерін сен де тыңда. Әлде Қаскелең военкомы өлең тыңдамай ма?
Тайыр үндеген жоқ. Өткір жанарымен Иса екеумізді түгел бір шолып өтіп, басын қисайта: - «Қане, оқы, өлеңді тыңдамақ түгіл, біз де жазамыз»,- деді. Мен жалғастырып оқи бердім. Тыңдаушым енді екеу: Иса, Тайыр. Екі ақын екпініме екпін қосып, өлеңді еркін оқыдым. Іштей шамалауымша, дауысым барлық пәрменімен күңгірлеп шығатын сияқты. Кейбір өзі ұнатқан тұстарында, Тайыр: «нешеуалау екен»- деп тұрды.
Өлең оқыла берді, олар тыңдай берді. «Сүйгенімнің суреті» деген бір өлеңді оқығанымда Иса:
- Қайтадан бір оқышы,- деді. Қайта оқып шыққаннан кейін ол, «Мынау өлең бітпей тұр екен, мұның аяғына бірауыз жыр шумағын қосса, шиыршық атып шығатын түрі бар»,- деді. Ол көп ойланбастан маған:-Тез жаз!-деп бұйырды. Исаның көздері ойнақшып кеткен, иығы сел-кілдегендей, назары бір нәрсеге ауып, шегедей қатып қалғандай, бір мезет ол үй төбесіне қарап алды да:
«Жүрегімді аман алып,
Туған елге барамын.
Ақ төсіңді аяласам,
Сонда бір дем алармын!» -
деп барып тоқтады. Мен бітпей тұрған өлеңнің аяғын тауып бергеніне Исекеңе рақмет айттым.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды