Мұзафар ӘЛІМБАЕВ «ДАУЫЛДЫ ДҮЛДҮЛ»

#

Егер шынайы поэзия мен шын асыл өнер саласында қазақ халқының таланттылығын бір-ақ мысалмен дәлелдеу қажет болса, мен Иса есімін атап, бесаспап өнерпаздығын алға жаяр едім. Сонда кез келген шет елдік тосын көз де тоғыз жасынан талант бәйгесіне түскен жыр дүлдүлі, «желдірмелерін» желдей естірген шабытты әнші, дарынды композитор, қазақ театрының қара шаңырағын көтеріскен айтулы артист, халық фольклорын жинаушы, әдебиет насихатшысы, артына өшпес үлкен мұра қалдырған Иса творчествосына илана ұйыр еді.

Иса ақын есімі аталғанда ұлы да, кіші де бір елең етпей қалмайды. Бұнда жай таңсық сезім емес, шын сүйсіну бар? Иә, солай! Себебі, аты аңызға айналған ақын жөнінде айтылатын алуан әңгіменің ақиқаты мен қоспасын ажыратып алудың өзі қиынға соғар мәселе.

Керекуде 5-6 жасар кезімде шала-пұла бір көрген ақынымды мен 1941 жылы жазда ұшы-раттым. Соғыс бұрқ еткен алғашқы күндерде Семей қаласында ел ақындарының облыс аралық жиналысы болды. Аты бүкіл қазақ сахарасына аян Естайға, әнші Балабекке ілесе кеп, бала бол-сам да мен де сол жиналысқа қатыстым.

- Иса аға осында екен! Жиналысқа келетін шығар, - деді барқыт тақиялы бала ақын Нұтфолла Шәкенұлы. Ол Абралы ауданынан келген екен. Бірақ жиналыста Иса ағаны көре алмай, санымызды соқтық. Ертесіне Абай музейінің сол кездегі жатаған үйіне апарды делегаттарды. Күн ысып кеткен соң, кілем төселген салқындау бірінші қабатқа кірдік. Төрде Сапарғали, Төлеу, Нұрлыбектер... Бір сәтте ашық есіктен дабырлап сөйлескен бір-екі адам даусы естілді. Шапаты, шымыр денелі, қаршыға бітімді, өткір көздісі табалдырықтан аттай бере, қалт тұрып қалды. Іздегенін іле-шала ілердей үңіле еңкейе берді де, төрдегілердің біріне шүйіле кетті.

- Ә, сен өзің осында отырмысың?

Мен екем ғой оп-оңай шоқыр құсың...

Төменірек отырған бір жыраудың домбырасын жұлып алды да, құлақ күйін шапшаң кел-тірді. Қаршыға қара тағы сілтеді:

-Қараңдар домбыраның еркесіне,

Ақынның шығып алды желкесіне...

Тоғайдың жаман-жұман шәлдірігі

Даланың тең түсем дейд еркесіне.

Ол өлеңін топан суындай қаптатар ма еді, қайтер еді, ақсақал ақын Әлімбетов Сапарғали:

- Исажан, ақылың бар еді ғой, кел, қасыма отыршы, сабаңа түсші, алқынның сөзін айтпашы, Нұрлыбекке базынаң болса, кейін айт!- демесе.

- Сапаш ағам айтты ғой, Сапаш ағам! - деп, Иса әуелі үлкендерге сәлемдесті де, бұрыла бере «әйтпесе сені ме?!»-деп, Нұрлыбекті қапсыра құшақтап алды. Әлдебіреу екеуін шағыстырған ба, ертеден араларында бір сыз бар ма, біз қапелімде түсіне алмадық...

Бұл эпизодтан біз Исаның өр намысты, тәкаббар ақын болғанын, бірақ үлкен аға алдында інілік ізетінен жаңылмас кішілігін аңғарғандаймыз.

Ақын Исаның бойындағы тағы бір асыл қасиетті сипаттайтын эпизодты мен Мұхтар Әуезовтың өз аузынан естіген едім:

- Бір кеште қағаз қарап отырғанымда, біреу қоңырау шылдыратты. Есік ашқалы бара жатып сағатқа көз тастап едім, 11-ден асып кеткен екен. «Түнделетіп жүрген бұ кім болды екен?» десем, кәдімгі Иса Байзақов!

Ақындардың өр, ерке, шалдуарлау келетін әдеті ғой, ондай мінез Исада да бар. Алғыр ақындығын, айыз қандырар жүйріктігін ардақ тұтсам да, бір қылығын ішімнен жаратпайтынымды өзі де сезетін сияқты еді. Мына келісі оқыс. Өңіне қарап, оғаштық аңғармадым бірақ.

- Иә, жоғары шық!

Биязы адымдап, бір түрлі ұстамдылық байыппен Иса жазу столының басына келіп отырды. Үсті-басы тап-тұйнақты, тап-таза. Костюм-шалбары қыры сынбақ түгіл, ине-жіптен жаңа шыққандай. Қыз айттырғалы бара жатқан бозайдай, қырғыздар бозбаланың ересектеуін осылай деуші еді, содан аузыма түсіп жатыр,- деп Мұхаң бізге қарады.

- Ал содан соң? - деп біз үзілген әңгімеге ынтығамыз.

- Содан сонымен сынамақ боп мен буфетке қарай беттеген сыңай білдіріп едім, Исам шыр ете түсті.

- Мұха, әуре болмаңыз, ештеңенің қажеті жоқ. Бір нәрсе сұрап алайын деп келдім.

- Иә, сұра.

- Жуырда халық ақындарының республикалық айтысы болады екен, соны сен ашасың деп жатыр. Аспанда галактика деген бір нәрсе бар көрінеді. Соны қысқа сөзбен түсіндіріп беріңізші, біреу-міреу ертең тақырып етіп ұсына қалса, шоңқиып отырып қалмайын дегенім ғой. Сізден артық ешкім де соны маған жақсылап ұқтыра алмайды.

- Әуезовтан астроном жасайын деген екенсің деп күліп алдым да, өз білгенімше Исаға аспан әлемі жөнінде түсіндіріп бердім. Қалт етпей тыңдап, «тәңірі жарылғасынын» айтып кете барды.

Сұңғыла ойлы Иса құйма құлақ алғыр еді. Ал біздің жастарымыздың қайсыбірі қазір осындай білім құштарлық таныта ма! Жалғанда ой жалқаулығынан жаман нәрсе жоқ! - деп Мұхаң енді Жәкең жөнінде бір хикаяға ойысты...

Даналардың кемеңгерлігіне шөп-шалам сияқты іліге жүретін балалық мінездері де болады. Сырын білмес сырт көзге олары аса ерсі көрінуі де ықтимал. Түптеп келсек сол балалықта да даналық бары дау тудыра қоймайды. Сондай бір әңгімені Әуезов Мұхтар Жазушылар одағында Иса

Байзақовты еске алған бір жиында айтқан екен. Енді соны келтірейік.

- Бір күні Исаға тұтқиылдан қасақана тиісіп, шүйілмесім бар ма! Осы сен өркөкіректеніп, өзеуреп, «мен!», «мен!», деп неге кеуде кересің? Неге бұлданасың, бәлденесің? Кәне мықты болсаң, көрейін сені! Айталық, мен дүние салған екенмін. Сол турасында жоқтау айтшы, кәне, қолма-қол осы арада. Айтарыңның сөзі де, сазы да жаңа, соны болсын!-дедім. Қаршыға бітімді шапаты Иса шапшаңдыққа басты. Шиыршық атып, алабұртты. Мойны келтелеу, жылдар ізінен қарақоңырланып жылтырланған кәрі серік домбырасы шанағының бет тақтайын ортан қолмен тарс-тұрс қатты-қатты соғып-соғып жіберіп, шырқап кетті дейсің! Иманым қасым болды, қара жер теңселіп, тұңғиық аспан төңкеріліп бара жатқандай. Жер үстінің наз-наласы соның ғана көкірегін кергендей, қарс айырғалы кернегендей. Азалы әуен, қара жамылған қам келіншектердей тірі сөздер! Төбе құйқам шымырлап кетті. Әттең, әсем әні де, әдемі жыры да сол жерде қалды. Ол кезде қазіргідегідей магнитофон, диктофон бар ма еді? - деп, ұлы жазушы мінбеде кілт кідіріпті. Әлгі эпизодты сөз еткенде, мынандай ой түйгеніміз жөн бе дейміз.

Қысылшаң қапияда мұрсатана мұрша іздеп қиналмаған Иса тәріздес дүлдүлдерге табан аудармай тұрып өлеңмен тіл қату, керек десеңіз күні бойы жыр сапыру тыныс-дем алғанға барабар болғандай. Неге дейсіз ғой. Негесі: біліктіліктің, парасаттылықтың, кейде аттестатпен не дипломмен өлшенбейтіні ақиқат. Бағы замандарда халқының мұңын мұңдап, намысын жоқтаған Қазтуған, Асан қайғылардан бастап, кешегі абызымыз Жамбылдар - бәрі-бәрі де өз тұсының өресі биік ойшылдары болған. Әр құбылыс, әр зат хақында, таныс-битаныс жандар жайында, өткен-кеткен жайында, өз заманы турасында, жалпы болмыс, қоғам қауым тірлігі жөнінде ішке түйген мол тұжырымдары, мәнді пайымдаулары, философиялық топшылаулары оларды замандастарының алдыңғы қатарларының сапына қосқан.

Міне содан да сөз сайысына, өнер жарысына түскенде немесе қапелімде өлеңмен сөйлерде ел ақындары ойына келгенді, аузына түскенді айта салмайды. ¥зақ жылдарда бойына жинаған білім қорынан алып, оқыс сәтте, ұрымтал орайда ұтымдал өткір құрал етеді. Мәселен жоғарыда баяндаған жоқтауды қолма-қол ағыта салуы «халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп өзі жайында Иса өзі айтқандай Мұхтар секілді бірегейлердің тарихтағы алар және қалар орнын ақын саралап, салмақтап жүрген ғой. Керек сәтінде сол пікірін өлең мен ән кестесіне қолма-қол түсіре қойған емес пе?!

Мәселен, Орынборға оқуға жаңа ғана барған 24 жасар ауыл жігітінің пролетариаттың көсемі В. И. Ленин ұлылырын пайымдауы бүгін де оқырманды сүйсіндірерліктей:

«Ленин өлді, пікірі оның өлген жоқ,

Ленин - өлді, жолын ешкім жеңген жоқ,

Ленин - бүкіл коммунистер жүрегі,

Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ».

Бұ да Иса ақынның зерек алғырлығын, парасаттылығын, іздегіштігін, жазба әдебиеттен жақсы ғибрат ала бастаған кезін танытады.

Мінсіз образдардың ауыз әдебиетінде жасалғаны жөнінде Максим Горький қағидасы баршаға мәлім. Өйткені ол шығармалардың басты авторы ақындардың ақыны - халық, оның қосалқы авторы - екшегіш уақыт. Екі мықтының қолында әлсін-әлсін көркем өңдеуден өткен дүние, әрине, ақаусыз болады да! Асқан шебер халықтан қапысыз үйрену ел ақындарының ежелгі дәстүрі десек, Иса творчествосы да әлгі қағиданың әсем иллюстрациясы болар еді.

Сары ағаш сазға біткен секілденіп,

Қай жерде отыр екен бұраң белім?!

...Арада қыл өтпейтін тату едік,

Біздерді араз қылған қай антұрған?!

(«Назқоңыр» әнінің бірінші түрі).

Немесе:

Төбелеп төре төтен жабылса да,

Келмейді Сырдың суы жұлығымнан,

(«Қанапия» әнінен).

Тағы да бір мысал:

Сүйгенін, сүйенгенін есіне алып,

Жай таппас әнге салса кімнің жаны?!

«Қалқа» әнінен).

Еркін көсілісі, ынтық-іңкәрлігі, көркемдегіш құралдардың тым қазақылығы яғни халықтығы - толайым фольклор туындысынан айнытпай тұр бұл өлеңдерді. Шынын айтсақ, әлеумет (әдебиетшілер қауымы болмаса) әлгі сөздерді халық өлеңі, сөзі деп ойлайды. Иса ақын жыры екенін біле бермейді. Ғасырлар сүзгісінен өткен өлең-жырлар нәрін бойына қаршадайынан қана сіңірген ақын ғана осындай шеберлікке жете алса керек!

Таңдаулы дастандары мен өлең-жырларында әр ақын халықтық айшық-бедерлерді тыңнан жаңғырта қат-қатымен үстей тудырған. Бірде ол халық поэзиясының қалыбын алады да, көр-кемдегіш құралдарды өзінше табады. Мәселен «Құралай сұлудағы» мына бір жол: «Өмірдің алды-жарық, соңы - қара». Ертеден ел құлағында бар: «Дүниенің алды - сайран, арты - ойран» дейтін өлеңнің төркіндесі. Сөйтіп жас талапкер бардың өзін басқаша бедерлеу керектігін тым ерте ұғынғанға ұқсайды-ау, сірә!

Осы арада бір «алайда» ыхтиярсыз көлденең тартылады. Қара түнек заман қаңтар қалпында қалса, Иса сияқтылар қаншама талантты болғанымен мұншама кең өрісті, биік қияны тұғыр ете алмас еді!

Социалистік заман оның азаматтық бағын ғана ашқан жоқ, ақындық бағын да ашты.

Қалың нөпір, шаршы топ кезіксе, табанда ағылған ақпалықпен өлеңді қарша боратып, әсіресе оңаша стол басында қағазға төну - Иса пешенесіне бұйырған өнер сыбағасы кім-кімді де қызықтырарлықтай.

Ол бірыңғай ауыз әдебиетінің ғана үздік жүйрігі болған жоқ. Байзақов Иса творчествосы халық поэзиясы дәстүрі мен жазба әдебиет мәдениетінің классикалық тоғысуы. Ел ананың ежелгі фольклорынан халықты бойына дарытса жазба әдебиетте партиялық принципке баулынды ол. Міне содан да Иса өзіне дейінгі халық ақындарының орақ тілді, от ауыздысының бір де бірі айтпаған құнды сөзді көпке сыйлады.

Ер-азаматтың елге, әлеуметке аты жайылуы бар да, шын мәртебе-мерейге ие болуы бар. Кейде әлдебіреулер бұларды шатастырып алып жүреді. Екеуі екі басқа ұғым. Ал Иса болса, алғашқы дастаны «Құралай сұлу» жарық көрісімен-ақ (1925 жылы) бүкіл қазақ елі махаббатына бөленген тәкаппар талант, ерке дарын. «Құралай сұлудың» бірден баршаға ұнауының себебі неде? Бұл елдік жайында, еңіреген ер жайында, кіршіксіз махаббат жайындағы дастан. Көзсіз батыр Келден, ерге ер, серіге сері Құралай қыз, ел ағасы Монтай - кесек те сүйкімді тұлғалар. Романтикалық сарында туған поэма жаңа заман адамдарының революцияшыл рухына үйлес, үндес келген де ғой!

Біздің бұл сыпаттағанымыз шығарманың идеялық құндылығы болса, ол көркемдік сапасы да жоғары туынды. Ол үшін дастанның көріктеу құралдарына көз жүгіртелік.

«Күрсініп дертті леппен демін үрлеп».

«Дертті леп». Қандай соны, оқыс анықтауыш (эпитет). Абайдағы «күлкінің ерні» іспеттес.

«Жас ойда жасырынып жанның сыры,

Шығарды сұлу жүзден суың терді».

«Жас ой» Лермонтовтың «жас бұлтын» еске түсіргендей!

Аттың шабысын суреттегенде «Жалындай жалтарады жел үрлеген» деуі ше? Желден жығылған жалын тілінің жер бауырлап қайта оңалуын бұлай сипаттау атымен жаңа теңеу.

Атамзаманнан сайыпкер, еңбегі халықтың құлағына бірден жағар сөз!

«Өмірдің алды - жарық, арты - қара»-

деген тармақтағы ауыстыру (метафора) көріктеу құралының дәлдігі сонша, тіпті түс-бояуға дейін көзге елестетпей ме?! Ақындық сөзде алуан бояу түсі болатынын Иса анық дәлелдейді.

Алмастырудың (метонимияның) да соныларын кездестіреміз. Келден өзінің қыршын өмірін сөз қылғанда «Балдырған жас үмітке қауіп жетті» дейді.

Табиғатқа жан бітірген мына тұрпаттас кейіптеу тәсілі де дастан жазылған сонау 1924 жыл үшін ғана емес, бүгін де қымбат тапқырлық сияқты.

«Батуға шеті ілінген алтын арай,

Жер астан, аспан үстен қарай-қарай,

Қоңыр түс ойға түсіп, қабақ жауып,

Тиышталып келе жатыр дүние солай».

Бұл сонымен қатар поэзиядағы табиғаттың тамаша көрінісі; өзің де сол іңір құшағына кіріп кеткендейсің.

Әдетте, «Шаң көтерілді» дейміз. «Айқай-сүрен шықты» дейміз. Ал Иса ақын сол екі атауды қатар тізе келіп:

«Айқай мен шаң жарысып қетерілген» деп саф алтынды кесегімен әкеп, дастан жолына қалайды. Зат - шаң үзеңгі қағыстырғандай, дыбыс-айқаймен қатар қозғалады. Ат десе, бәйгі десе, делебесі қозатын қазекеңнің көз алдында зат пен дыбыс жарысып шыға келеді!..

Жалғыз ғана осы дастаннан жамағат аузына нақыл боп көшкен қаншама жолдар бар. Солардан мысалдар:

«Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды,

Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды».

Және:

«Елден де ер арманы күшті».

Егер Иса поэзиясындағы барша көркемдік інжу-маржандарды тізіп шықса, қандай асыл алқа болар еді.

Бір ғана «Құралай сұлу» дастанынан алынған осы мысалдардан-ақ ақындық қуаттың құді-ретін жас өспірім де қастерлей аңғарғандай. Көптің көкейіндегісін осылайша көркем сөзбен суреттей білген туынды әрине көпке ұнайды. Сүйген жүрек сөз табады сүйсінер. «Құралай сұлу» таңылеттес туындылар халық деген алыппен қатар жасайтын уақыт жолдасы болып қала бер-мек. Кешегі Отан соғысы жылдарындағы ғажайып хас батырлар жүрегінде осы «Құралай сұлу» сияқты дастандардан, жырлардан түскен қанша ұшқын болғанын немен өлшерсің!?

Ақынның бұдан өзге де 6-7 дастаны бар. Солардың бірі «Алтай аясында» аяулы махаббатты қоғамдағы топтар тартысы фонында жырлайды.

«Ақбөпе» - Исаның нағыз реалистік поэмасы. Білімдар сыншы А. Нұрқатов бағалауынша: «Бұл поэма И. Байзақовтың ақындық шеберлігі толыса өскендігін, оның өмірге, тарихи шындыққа деген көзқарасының тереңдегенін танытады».

Өткен замандар уақиғасына арналған «Қырмызы - Жанай» (аяқталмаған), «Кавказ» сияқты елеулі дастандардан бөлегірек бір төбе боп «Он бір күн, он бір түн» поэмасы тұр. Бұл Советтік дәуірдің қаһармандығын мадақтаған айтулы туынды. Бұл Қазақстан Жазушылар одагында өткен әдеби бір кеште Исаның не бары төрт-ақ сағатта ауызша шығарған дастаны екен. Д. Әбілев те, Ә. Тәжібаев та, Ә. Әбішев те т. б. поэманың басылған нұсқасынан ауызша айтылған варианты әлдеқайда көркем болғанын еске алысады. М. Әуезов Иса поэмасының соңғы тексіне қарап отырып құлағымызбен естігеніміздің қаңқасы ғана қалыпты-ау деп өкінген екен.

Ел ақындарының ішінде жазба әдебиет мәдениетін игеру арқылы биік көркемдікке жеткендер - Иса Байзақов, Нұрхан Ахметбеков, Шәкір Әбенов. Мәселен, Иса дастандарын оқи бастаған адам үйреншікті схемаға тап болмайды, «дәуде болса оқиға желісі осылай өрбір» деп тұспалдай алмайды. Тіпті кейбіреулері аңызға сүйеніп жазылғанымен әр дастанның композициясы қисынды, тың бұрылыстары, поэтикалық тапқырлықтары тосын.

Иса ауызша жырлағандарын қағазға түсіріп болғаннан кейін, оған профессионал ақын көзімен шұқшия қарап, өңдеген.

Ал жазып шығарғандарындағы тым кітаби сөздерді ел ақынының еркін айтқыштығымен, көсілмелі көшелілігімен жандандырған, қызулы ауызекі сөзге жақындатқан. Өнерпаздығын өрісті, өрелі етемін дейтін жас талаптардың - ел ақындарының Исадан үйренері қыруар. Үйренгенде ақындығының осы қос арналылығына назарды баса аударган жөн.

Иса оңашаланып алып, өлеңін күйттеген үй-күшік эстет болмаған. Ол - қайраткер, қашан да халықтың қалың ішінде, күрестің бел ортасында жүрген. Мен 1970 жылы қыста И. Байзақовтың туған жері «Үлгіліде» (Павлодар облысы, Ертіс ауданында) болдым. Сондағы қариялар айтып отыр: ақын 1918-1923 жылдарда ауылды советтендіруге белсене ат салысыпты. Жергілікті бір орыс журналисінің бертініректе анықтауынша, Иса Ертіс бойындағы ауылдарда көркемөнер үйірмелерін ұйымдастырған, постановкаларда ойнаған, ол ол ма, өзі пьеса жазған. Тағы бір қызық факті бар екен: жиырмасыншы жылдарда Ертіс ауданы жерінің Сибирьден Қазақстанға қайтарылуының тиімділігін дәлелдеп, Ленин атына берілген телеграммаға қол қоюшылар ішінде Байзақов деген фамилия да кездеседі. Телеграмманы жолдағандар Қызылағаш ауыл советінің тұрғындары. Бұл ауыл совет - ақынның өз ауылы. Жергілікті адамдар бұл төңіректе сол жылдары Исадан басқа атағы жайылған Байзақовты есті-ген емеспіз деседі. Тарихшылар бұл фактіні де анықтап ашуы тиіс.

Патриот ақын социалистік құрылықтың әр жаңалығын өз көзімен көруге құштарланған, соларды көріп-біле жүре, шабыттана жырға қосқан. Иса бармаған өңір-аймақ, ауыл-қала қазақ топырағында некен-саяқ шығар, әсте жоқ та шығар.

Өте-мөте Отан соғысы жылдарында дімкәстігіне қарамастан көптеген облыстарды (мәселен 1942 жылы егін орағы кезінде туған отаны Ертіс бойында соңғы рет болыпты) аралап, тыл еңбеккерлерін қаскөй жауға қарсы күреске үндеп, халыққа отаншыл жырлар айтқан.

Исаны көрдім, сөзін тыңдадым деп жырына сүйсінгендерді көптеп кездестіретініміз де содан. Сол азаматтардың есінде қалған ақын жырларын, өнерпаз жөніндегі естеліктерін жинау да - әлі өтелмеген парызымыз. Оны айтасыз, Исаның баспасөз бетіндегі аудандық, облыстық, республикалық газеттер бетіндегі жарияланған сөздерінің өзі де түгел терілмегенге ұқсайды. Осыған уәжді бір мысал мынандай: Иса Байзақовпен жиырма жылдай үзеңгілес боп, жиі араласқан Қазақ ССР халық артисі Елубай Өмірзақов «Менің қырыққа жуық әндерім бар. Соның бәрінің өлеңдерін Иса жазған еді» дейді (Жұлдыз» № 11; 1972 ж.) Ал ақынның кітабына осы күйге дейін кіріп жүрген ән-өлеңдерінің жалпы саны отызға жетпейді екен... Бардың өзін тезірек жинамасақ, уақыт өткен сайын, өкінішіміз қалыңдай беріп жүрер...

Саңлақ ақын творчествосын, өмір жолын зерттеуде Е. Ысмайлов, С. Мұқанов, Н. Анов, А. Затаевич, А. Нұрқатов, Р. Бердібаев, М. Хасенов және т. б. сол сияқты ғалымдар мен жазушылар едәуір еңбек сіңіргені белгілі. Бұл Иса творчествосын зерттеу кемеліне келді, барша қадір-қасиеті ашылып болды деген сөз емес. Жаңа жоғарыда аталған авторлардың зерттеулерінің өзінде де пікір ала-құлалығы байқалады, ақынға орынсыз мін тағу да жоқ емес. (Мәселен, Монтай образын жағымсыздар қатарына жатқызу, Құралай сұлу образын қомсыну және т. б.) Әсіресе Иса поэмалары мен жырларының көркемдік сапасы, автордың ақындық ерекшеліктері әлі толық та тереңірек зерттелмеген.

И. Байзақов - сирек қасиетті ақын ғана емес, ол - әнші, ол - композитор, ол - актер еді. Оның еңбегін өкіметіміз жоғары бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Халқымыз Исаны дұлдүлдігі үшін әр кез хан көтерді.

Кейбір зерттеушілер Исаны, оның творчестволық болмысын табылғанды тауфиқ тұтып, бұрынғы барды шиырлай қарайлап, көне гөйгөйге басқыш жыраусымақ, ақынсымақ, шайырсымақ жортақы әлдебіреу ретінде ғана қарастырумен шектелгенді жөн санайтындай әсер қалдырады. Бұлай қарау әдеби әділдік болмас еді. И. Байзақов дүлдүл импровизатор, төкпе ақын ғана емес, жазба әдебиеттің мәдениетіне қаныққан, профессионал поэзиямыздың да ірі тұлғасы. Әсіресе қазақтың эпикалық поэмаларының дамуына зор үлес қосқан автор. Иса Байзақовтың өзімен тұстас және өзінен кейінгі эпиктерге жасаған елеулі әсер-ықпалы ерекше зерттеуге татитын құбылыс.

Соңғы бес-алты жыл беделінде И. Байзақов өмірі мен творчествосын тың жаңа қырынан көрсетерлік еңбектер жарияланды. Солардың ішінде ақын, әдебиетші Қалижан Бекхожиннің «Лениншіл жас» газетінде басылған Иса ақын жайындағы естелігі (1981) және ғалым Манап Хасеновтың «Иса Байзақовтың ақындығы мен стильдік ерекшелігі» атты зерттеуін (1976) бөліп айтқан орынды. Алайда бұлар алда тындырылатын даңғайыр дарынның қасиет-сапаларын қат-қатымен қалың қабаттарын қопара, дөп басып айтып, әсем ашып берерлік еңбектерге апаратын жолдағы көркемдік белгілер деуіміз керек.

Артына аса бағалы мол мұра, әдеби қазына қалдырған аса дарынды алапат өнерпаз - суырыпсалма әрі профессионал ақын Иса Байзақов халқымен бірге жасай бермек.

1972 – 1982

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды