Уағаз ШАМСУТДИНОВ, қарт мұғалім «АҚЫНМЕН БІРГЕ БОЛҒАН КҮНДЕР»

Оқушылармен әңгімелесіп отырғанымда үстіне қара барқыт жағалы пальто киген, басында қазақы бөрік, аяғында тақалы етігі бар 20-21 жастар шамасындағы бір жігіт үйге кіріп келді де: «Қателеспесем, Шамсутдинов жолдас сіз болатын шығарсыз», - деп қолын созды. Оқушылар орнынан тұрысты. Таныса кеттік Бұл жігіт Қызыл-ағаш болысының (қазіргі Ертіс ауданы) 9-ауылнайында тұратын Иса ақын екен.

Иса қазақты қара жұмысқа алған кезде көппен бірге, ағасы Мұса, әкесі Байзақ - үшеуі Сібір жаққа барады. Одан еліне келісімен Семей кетіп, онда оқыған азаматтармен танысып, білім-өнер қуып жүрген кезі. Ауылға келе сала менің Тас-құдықта тұңғыш совет мектебін ұйымдастырып, балалар мен ересектерді оқытып жатқанымды естіп, келіп тұрғаны екен.

Иса ол кезде ел арасында жаңа-жаңа ауызға ілігіп таныла бастаған еді. Оқушылардың біреуі домбыра әкеліп, өлең айтып беруін өтінді. Иса бас тартқан жоқ, қолына домбыраны алып, пернелерін түзетіп, біраз жай тартты да, көз жанарын бір нүктеге қадап, ән бастады. Ол әуелі тұңғыш рет ашылған совет мектебіне, оқушыларға құтты болсын айтты. Оқушыларды алған білімдерін совет құрылысын нығайтуға жұмсап, бай-жуандарға аяусыз күресуге шақырды. Өзінің бай, болыстардың зорлығымен, жасы тура келмесе де, Сібірге қара жұмысқа айдалып, сонда көрген қорлығын әнге қоса айтып өтті:

Сұм заманға кез болдық,

Хайуан малдан кем болдық.

Елсіз, күнсіз жапанда,

Тағдыр, ажал кез болдық

Ит пен құсқа жем болдық.

Үйде қалған кемпір-шал,

Қанатынан қайрылып,

Боздағынан айрылып,

Бұл не деген болды хал...

Исаның өлеңін оқушылар да, жиналып қалған ауыл адамдары да көңіл қойып тыңдап, алғыс айтты.

Ертеңінде Иса екеуміз Ертіске бардық. Онда басқару орындарынан бағыт алып қайттық. 1920 - 24 жылдар арасында мәдени революцияны жүзеге асыру мақсатымен халық арасында үгіт-насихат жүргіздік. Жұмыс ауыр еді. Өйткені, ол кезде Қызылағаш елі әлі қараңғылықтан шықпаған. Көзі ашық, сауатты адамды саусақпен ғана санайсыз. Міне, сол қиыншылықты ауыр кезеңде жең сыбанып, жанын аямай совет құрылысын нығайтуға, халық ағарту жұмысына кіріс-кен азаматтың бірі ақын Иса Байзақов болды.

Бай-құлақтар біздің ісімізге, совет өкіметіне көп қарсылық жасап жүрді. «Жастарыңды дұрыс көрсетпеңдер, солдатқа әкетеді» деп санақ кезінде өсек таратты. Бірақ олардың әрекеттеріне біздер кезінде соққы беріп отырдық. Оларды әшкерелеуде Иса ақынның еңбегі зор болды.

Ол өткір сөзімен де, керек жерде қару алып та тап жауларымен күресе білді.

1920-23 жылдардағы ауылсоветтерін сайлау науқанында Иса әсіресе 8-9-10 ауылнайлықтарда белсене еңбек етті. Ауылсоветтеріне кедейлерді өткізуге көмектесті. Сол үшін Шайхы деген кулак Исаға қастандық та жасамақ болды.

Бір күні Иса екеуміз оның үйіне келдік, Исаның ауылы 9-ауылға жақын тоғай бойында, Қарасу деген өзен жағасында. Елі Байғожа - Байзақ ауылы дейді екен. Біз амандасып отыра бергенімізде, кенет Байғожа ақсақалдың ұлы Хамза кіріп келді. Ол ентіге сөйлеп: «Шайхы бір топ жігітпен ауылға келе жатыр, ойы Исаны қолға түсіріп, өзінің айтқанын істету, болмаса өлтіріп Қарасуға тастау», - деді.

Байғожа мен Байзақ ақсақалдар қатты сасып, бізге Қарасудың жағалауындағы қалың қа-мысқа барып жасырынуға жөн сілтеді. Біз қамысқа кіре бергенде Шайхы жігіттерімен ауылға кірді. Түн ортасында Хамза, Әби Қуантаев келді. Исаны таба алмаған соң, Шайхы 10-ауылға кеткен екен. Біз ауыл жігіттері жәрдемімен сайлау комиссиясы тоқтаған ауылға барып жеттік. Сайлау науқаны мен Еділ бойындағы ашар-шылыққа душар болғандарға жәрдем ету ісіне Иса белсене қатысты. Біз 250 қара мал жинап тапсырдық.

Иса қазақша жақсы оқып, сауатты жаза білетін. Орыс тіліндегі кітаптарды да көп оқыды. Ол 1920-21 жылдарда менің оқушыларымнан домбыра оркестрін ұйымдастырды. Сейділ деген шебер он шақты домбыра жасады. Иса шәкірттерге ән-күй үйретті. Иса бастаған оркестрдің алғашқы концерті Тасқұдықта ашық далада өтті. Концерт сайын мен советтік құрылыс туралы баяндама жасадым. Сосын оркестр ән-күй орындады. Жеке ән, тақпақ айтылатын. Концерттің көп уақытын ақынның өзі алатын, өздеріңізге белгілі Иса суырыпсалма ақын еді ғой. Аса қызып кетсе, орнынан екпінді қимылмен қозғалып, кейде домбырасын тас төбесіне, тізесіне қойып, белінен айналдырып лақтырып, қағып алып аса шеберлігін көрсететін. Гармоньға да қосылып өлең айтатын. Өзі тартқан күйге билеп ала жөнелетін.

«Ассалаумағалайкум, болыс аға,

Бұл күнде не дегенің дұрыс, аға.

Ақбілекке он төрттегі үйленіпсің,

Қайырлы құтты болсын, қоныс аға...» -

деп басталатын сықақ өлеңін гармоньмен орындайтын. Исаның бұл өлеңі парақор болыстарды өлтіре шенейтін.

Бай-кулактар, молдалар бұл концертке «сайтан ойыны» деген ат қойды. Түрлі лақап таратты. Бірақ, жастар оларды тыңдаған жоқ. Иса ақын осы кезде «Болыс» атты пьеса жазып, оны сахнаға қойды. (Сол пьесаны сақтай алмағанымыз өкінішті-ақ). Бұл пьесада Иса ақын көп әйел алушы болысты ажуалады. Қысқаша мазмұны былай: Сасықбай деген болыстың үш әйелі бар. Енді төртінші тоқал етіп кедей Сайлыбайдың Шолпан деген қызын алмақшы. Кедей, әнші жігіт Дүйсен мен Шолпан екеуі бірін-бірі сүйеді. Сасықбай қаладан жасақ шақыртып, Шолпанды алып кетуге жасаған әрекетінен түк шықпай қалады. Дүйсен өзінің достарымен атаманды өлтіріп, сақшыларының қаруын тартып алып, ақыры Дүйсен мен Шолпанның той жасап қосылуымен пьеса аяқталады.

Иса 1923 жылдың жазында Семей жақтан Қайыржан деген досын ерте келіп, жаз бойы Салқынкөл жағалауына мектеп салғызып, ауыл жастарын оқытты. Өзі атқа міну, физкультура, ән-күй сияқты пәндерді жүргізді. Қазір ақынның туған елінде Иса Байзақов атындағы 8 жылдық мектептің болуы заңды құбылыс.

Менің Иса ақынмен бірге болған күндерімде көрген қызығым аз емес. Бірде Павлодарға барып, Майра әншінің де үйінде болып қайттық. Енді бірде пароход үстінде композитор А. Затаевичпен жолықтық. Сол сапарда ол кісінің қасында Латиф Хамиди де бар еді. Иса өлең айтқанда, композитор жазуға да үлгермей тамашалап, ақын талантына сүйсіне таңданғандарын өз көзіммен көрдім. Иса қалыңдығы Шарбанды алуға барғанда да, мені ертіп апарды. Жүрерде Байзақ ақсақал: «Қызыл шапанды ала кет»,- деп еді Иса көнбей қойды. Болмаған соң Хамза шапанды қоржынға салып алды. Біз жүріп кеттік. Жол үстінде Хамза «Жігіт қызга танысуға барарда қызыл шапан киеді»,- деп ата-бабаларының, алтай руының әдет-ғұрпын айтып отырды.

Той өте қызу, көңілді өтті. Ән айтпаған жан болмады. Тіпті мен де ана тілім - башқұрт тілінде 2-3 ауыз ән айтып жіберіппін. Жастар үлкендерден рұқсат сұрап, Исаға өлең айтқызды. Иса мен Шарбанның үйлену тойы Қызылағаш болысында өткізілген тұңғыш қызыл той болды.

Соңғы рет ақынмен 1943 жылы Жамбыл қаласында кездестім. Мен майданнан жаралы қайтқан едім. Иса болса, ел арасында концерттер беріп, сол тұста самолет, танк жасауға өкіметке 400 мың сом ақша өткізіп, енді есеп беруге Алматыға жүргелі түр екен. Қасында Шарбан қайтқан соң, алған әйелі Сапура бар. Біз шүйіркелесе кеттік. Ол өзінің соғыс жайлы поэма жазғысы келетінін айтты. Тағы жолығып менімен майдан жайлы әңгімелеспек болды. Не керек, содан соң мен Иса ақынмен кездесе алмадым.

Ол өзінің ел алдындағы патриоттық борышын атқарып, соғыс жабдығына миллионға жуық қаржы тауып тапсырып, ақыры, сол жолда жүріп, суық тиіп, туберкулезден 1946 жылы қайтыс болғанын естідім.

Мен білетін Иса осындай еді. Ол не қиындық кездессе де жасымай жас кезінен бастап, өмірінің соңына дейін еліне қажымай-талмай адал еңбек еткен шын мәнісіндегі ақын азамат еді.

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды