Мәриям ХАКІМЖАНОВА «АҚИЫҚ»

#

Шіркін, уақыт қалай тез өтеді десеңші. Бұл күнде халқымыздың талай дарынды ұлдары мен қыздарын көрген көненің бірі болдық. Бәрі де көкіректе сайрап тұр. Аттары аңызға айналған ағаларымыздың, анамыздай қамқор болған апаларымыздың асыл бейнелері көз алдымызда. Солардың бірі – қазақтың ақиық ақыны, тамаша өңер қайраткері Иса Байзақов.

Иса ағайды бірінші рет 1930 жылдың қысында, Бейімбет ағайдың үйінде көрдім. Міне, оған да аттай жарты ғасыр болыпты. Бір күні Би – ағаның үйіне бара қалсам, біраз қонақтар бар екен. Аздан кейін басында қара бұйра тымағы бар, орта бойлы, дембелше келген, аққұба кісі әйелімен кірді. Олардың соңын ала пүшпақ бөрікті, жалтылдаған отты көзді, қылыштың қырындай қағылез қараторы жігіт саңқылдай сөйлеп, ішке енген еді. Би-ағаң бар денесімен тербеле күліп, қонақтарын қарсы алып жүрді. Отырғандар келген қонақтарға қошемет көрсетіп, үй іші қызу әзіл-қалжыңға толды. Тымақты кісінің Әміре Қошаубаев екенін бірден-ақ шырамыттым. Газеттерден талай суреттерін көрген едім. Қонақ күтіп, домаланып жүрген Сері-ағаң:

- Әй, Иса, арының басылмай тұрып, осы отырысымызды бір суреттеп жіберші, деді ақсия күліп. Әлі отырып үлгермегсн Иса ақын екі қолын артына қарай айқастыра салды да, тақпақтай жөнелді.

Исаның жары Шәрбану бір көргеннен - ақ маған ерекше әсер қалдырды. Келген әйелдердің ішінде ең жасы болғандықтан ба, әйтеуір, сырттан келген кісі сияқты емес, Күнжамал жеңгейге көмектесіп жүр. Жүріс-тұрысы жатық, мінезі биязы, келбетті жан екен. Кейін сыйлас құрбы, жақсы дос болып, жақсы араласып кеткен едік.

1931 жылы мен КазПИ - дің жанындағы жұмысшы – жастар факультетіне оқуға түстім. Жоғарғы курста Иса ағай оқиды екен. Жаңадан ұйымдастырылған көркемөнерпаздар үйірмесін басқарушылардың бірі – Иса ағай.

Үйірме жұмысын тез жолға қою үшін қазақ драма театрынан Серке Қожамқұлов бөлінді. Ол кісіні көмекке тартып жүрген Исекең болатын. Өзі көп әндердің сөзін қайта жазып, орындаушыларға жаттатады. Ән сазын сақтап қалып, сөзін жаңа мазмұн, жаңа түрмен айтқанда шамалы әндердің өзі де құлпырып кетер еді.

Біз қайда барып концерт берсек те сахна шымылдығын ашып, кешке катысушыларды көрермендерге таныстыратын Сері-ағаң болатын. «Бүгінгі кеште Иса Байзақов қатысып, өзінің жаңа өлеңдерін айтады» дегенде - ақ залдың іші дуылдап, «Желдірме», «Желдірме» деген дауыстар тұс-тұстан шығатын.

Иса Байзақов өзінің қысқа өмірінің ішінде творчестволық өнімді еңбек етіп, қазақ совет әдебиетінің алтын қорына елеулі үлес қосқан ақын. Қысқа өлендерін былай қойғанда, оншақты поэма жазды. Бір ғажабы – бәрін де жатқа білетін. Сондықтан да ол қолжазбаларын жинамаған.

Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағын ұзақ жылдар бойы басқарғаны белгілі. Сол тұстарда Исаның жазған еңбектернің жарық көруіне көмектесіп, қамқорлық жасағаны шындық. Жазушылар одағы жанынан халық ақындары бөлімі құрылғанда Исекең сол бөлімнің жетекшісі больш тағайындалды, Бір жылдан кейін Иса ағай «творчеством ақсап барады» деп қызметтен босағанда, ол бөлімді маған тапсырған еді.

Иса мен Тайыр ағалы-інілі сияқты көрінетін. Екеуі жұмысқа бірге келіп, бірге кететін. Ол кезде Тайырдың үйі де шағын болатын. Соған қарамай Исекең сол үйде болды көбінесе. «Тайыр түңде жазады, ал мен күндіз жазамын. Екеуміздің отыратынымыз бір стол. Мүнира деген ғажап әйел ғой. Сен жұмыс істегенде не бір бала жыламайды, не бір ыдыс сылдырамайды» деп айтқаны әлі есімде.

Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Жақан Сыздықов Исаның сыйлас достары еді. Бұлармен кездескен кезде балаша қуанып қалатын. Творчестволық сапарға шықса, солардың бірімен шығатын. Исекеңнің бір әдеті жас достарын «құлыным», «ботам» деп сөйлер еді. Онысы өзіне жарасып тұратын. Бер жағымен емес, бар жанымен, бар шындығымен айтатын.

Кешегі сұрапыл соғыс басталған күннен Исекең жарақты жауынгердей атқа қонды. Қалың елдің қаһарман халықтың асыл қасиетін, ар-намысын ұға білген ақын өзінің орны ел ішінде екенін түсінді. Өресі биік, ұққаны мол, намыскер ақын халықтың қайғысын сергітіп, қайратын қайрап, майдангерлеріміздің жеңіске жетеуі үшін аянбай еңбек етуге жар салды. Өзінің бойындағы бар өнерін халыққа арнап, Отан қорына көптеген қаржы жинап тапсырды.

...Ақын ауыр науқастанып ауруханада жатқанда халқымыздың атақты ғалымдары, ақын-жазушылары, өнер қайраткерлері, Иса сынды көк дауыл ақынға үзбей барып тұрды. Ақынның үлкен жүрегі мәңгі тоқтағанына отыз төрт жыл болыпты. Бірақ, жыр сүйгіш, өнер сүйгіш халқымыз Иса сынды ақиық ақынын ұмытпақ емес.

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды