Құдіретті дарын иесі ақын аға Исаны жас шағымнан білем. Ертіс бойынан біздің Баянауылға келіп аралағанында «Қойшының ертегісі» поэмасын алғаш рет суырып салып айтқанын тыңдап, таң қалғанмын. Содан беріде Иса ағаның соңғы күндеріне дейін (кезең-кезең жылдарда) өмірін, өнерін, жырын сырын түгел көрдім, білдім. Дарынын құрметтеумен келемін. Алайда, бұл шағын естелігімде мен оның бір реттегі ғана кереметін - дарын - құдіретін айтқалы отырмын. Ол былай болған еді.
1938 жылыдын жазы. Бір күні қызмет аяғы кезінде телефон сылдыр етті.
- Алло!
- Бұл кім? Әбілев жолдас па?
- Ия, ия.
- Бүгін Алматыға Италияның атақты жазушысы Джерманетто келді. Жазушылар одағында кездесу болады. Әзірленіңіздер!
Бөлмеде Мұқаң (Мұхтар Әуезов) отырған.
- Италиядан, Джерманетто! Кешке бізбен, жазушылармен кездеспек пе? - деп жүзіме қарады.
Мұқаң менің абыржып қалған күйімді тез аңдапты.
- Бәлі, несін жүрексінесің? О да адам шығар. Қауым жұртпыз, жүрексінбе! Келемін. Ретіне қарай көрерміз. Әзірліктеріңізге ұйым боп кірісе беріңдер! - Мұқаң аз ойланды да былай деді. - Қазақстан жазушылар одағына мұндай халықаралық мағлұм адамның бірінші рет келуі. Елдікті көрсетудің бір межесі - әдеби қауым ғой. Джерманеттомен қазақ жазушыларының бұл кездесуі өте жауапты да тарихи кездесу болмақ. Ал біз жазушылар қауымы әдеби өміріміздің жаңа туыс, бітім тұлғасын, социалистік тыныс сымбатын, реалистік сыршыл көркемдігін, қаламымыздың қарышты адымын сөз етуіміз, таныстыруымыз керек.
Мұқаң осылай толғанып бір алды да:
- Бұл жөнін маған тапсырсаңдар да болады, - деді.
Мұқаңның жүзі алкүрең тартып, шырайлана бастағанын сездім. Іштей қуанып та отырмын. Мұқаң тұрғанда бұл қазақтың әдеби қауымында кім шет ел әдебиеті-мәдениеті тарихын, оның әртіні мен бертінін, шежіресін тереңдігімен шерте алар! Осы тұста өзінің келе қалғаны қандай жақсы болды деп отырмын.
- Исаны шақыртшы, - деді Мұқаң.
Селдір де кірпішшешен қылқандарындай қайратты аз ғана шашын жоғары сілкіп тастап, бұлт арасынан жарқ еткен нажағайша Иса кіріп келді.
Жазушылар одағында сол жылы үш айлық ақын-жазушыларға арналған курс ашылған. Жамбыл мен Нұрпейістен басқа халық ақындары да, жас ақындар да, т.б. осы курста. Оқу одақта өтіп жатқан. Исаның қолма-қол келу себебі де сол.
- Неге шақырдың, бала? - деді ол маған тіктене қарап. Мен Мұқаңа қарадым. Мұқаң мән-жайды қысқа түсіндірді де:
- Иса, - деді оған Мұқаң. - Италия көне мәдениетті ел. Бағы заманнан әдебиеті туып, ержеткен ел, Европа жұртын көптеген өнер-өрнек көркемдік үлгілермен таңырқатып келе жатқан ел. Біз болсақ, бұл жөнінде тәй-тәй басқан бөбек тәріздіміз.. Біраз жайларды әңгхімелеп те берерміз. Бірақ, қонақты біздің халықтың әдебиеттегі дарыны - суырып салма ақындық қана елең еттіре алар болар. Соған сені...
Ұшқыр сезімтал Иса Мұқаң сөзін аяқтатпай, киіп кетті.
- Сонда не демексің Мұхтар! Жаңағыңның аты Джерманетто дедің бе? Одан үлкені келсе де салып көр Исаны! Сол үшін қазір неге шақырттырдың. Кезінде айтсаң да Иса қарызға өлең сұрамайтынын білмейсің бе ?
- Әзірлігің болуы өлең сөзі жөнінде емес, Иса! Оныңа шүбәміз жоқ. Өзің бейғам болмауың керек.
Кешкі сағат тоғыздың кезі. Біздің Жазушылар одағының үйінде Джерманеттоны қарсы алдық. Ол қуаң жүзді, жасамыс адам екен. Қолында қоңыр таяғы бар. Сол жақ аяғын сылтып басады. Қоңырқай өңіне қарағайға қарсы біткен қалың бұтақтай қайратты қалың қабағының астындағы күрең көзі тереңнен қарайды. Қонағымыз әуелі өзінің итальян тілінде және орыс тілінде амандасты:
- Сәлемет жақсысыздар ма, қазақ қаламгер бауырлар!
Тұйық адам емес екенін бірден аңдадық. Шет елдік құрметті қонағымызға ұзын столды жағалай отырған өзіміздің жазушыларды ең алдымен жаңағы Джерманеттомен иықтас отырған Мұқаңнан бастап таныстырып шықтым. Джерманетто ықыласты тыңдады:
- Білем, Фадеев жолдас айтқан. Ал, Мұқанов қайсы жолдас!
- Ол кісі Ленинградта жүр еді.
- Олай болса жөн, жөн!
Шет елдің революционер жазушысымен кездесу кешімізді басқаруға өзімді жасаң сезіне жүрексініп:
- Мұқа, - дедім өз тілімізде қазақша. - Сіз мұнда отырыңыз. Сіз басқарыңыз, мен сіздің орныңызға барайын!
- Жоқ, басқаруын сен өзің басқара бер. Басқасына сүріндірмеспіз! - деді Мұқаң. Соны айтты да дереу, әуелі тамағын әдеттегісінше майда кенеп алды да сөйлеп кетті. Менің комунистік журналистер институтын жаңадан бітіргенімді, екі өлең кітабым шыққанын айтып өтті.
- Міне, міне, Совет Одағының лениндік батыл шешімдер осылай екенін менің итальяндық қара халқым білсеші! - деп рахаттанды Джерманетто.
Мұқаң нұрлана түсті, енді бірде:
- Онда біздің ақын-әншілерімізді тыңдап көріңіз, - деген Мұқаң енді ұзын столдың төменгі басында, қарама-қарсы отырған Исаға қарады да:
- Иса,- деді ажарлы, қоңыр үнмен, - Иса сен, қазір бабыңдасың -ау деймін. Ендігі сөз сенікі.
Өр Иса бәлденуді, тартынуды білмейді. Қасында отырған бір ақынға «бала, әпкел домбырамды» деді. Сөйтіп Арқаның шағын бітімді ән домбырасын алдыртып өзінің құлағын қатты бұрайтын әдеті бойынша дереу бұрап алған еді.
Жұрт:
- «Желдірме», «Желдірмені» айт!
- Ия, сөйт!
- «Желдірме» ! - деп дауыстайды.
Иса маңдайынан төбесіне қарай ығысқан селдір шашын жоғары сілкіп домбырасын бір-екі рет қағып жіберді де, «Желдірмені» шапшытып, ұйтқыта жөнелді.
Қарашы домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желекесіне... деген сәттерінде қиялың ғана ілесе алар құйын серпінмен жаныңды көтеріп үйіріп, баурап, сезімінді елтіте толқытып әкетеді.
Әсіресе:
А а - ап. А - а - ап.
Хар ра ра а - ап - ай! деп қайыратын бұрқасын толқыны дауыл тиген өрт лапылындай шалқып, төңкеріліп, қайыра ұйтқып үйіршеді.
- Виртуоз, Виртуоз!... - деді Джерманетто, - мен мұндай ғажапты бүкіл Европаны шарлап жүріп көрген емеспін! Ғажап, ғажап! Неткен талант! Ертегіде ғана кездесер мұндай өнер адамы! Тағы!!! Тағы!!!
Исаның ән сөзін Мұқаң Джерманеттоға жәйлі үнмен толқынтып ауларып беріп отырды. Джерманетто «тағы айтыңыз, тағы» деген кезде Иса орнынан лепіп атып тұрды да, домбырасының мойынан сағасынан мысықша қылғындыра ұстап:
- Мұхтар! - деді Мұқаңа. - Мен әнші емес, суырып салма ақын екенімді айт ол кісіге! Жаттандыға жаны қас бұл Исаның де: Көмейі жыртылғанша, көрінген ән -жырды айта беретін Иса жоқ! Бұл кісі өзі не туралы айтсын дейді екен! Заказ берсін!
Мұқаң Джерманеттоға жеткізіп жатқанда ұшқыр мінез Иса:
- Давай. Товарищ, Джерманетто, давай заказ! На любую тему! - деп өзі орысшалап жіберді.
Джерманетто таңдана ойланып қалды да:
- Олай болса Марина Раскова туралы айтсаңыз қайтер еді, ақын жолдас, - деді.
Біз хауіптеніп қалдық. Ал, Иса селдір шашын кейін серпіп тастап тіпті жайнақтап кетті.
- Жарайды, жолдас Джерманетто! - Ал кеттім тыңдаңыз! - деп орысша - қазақшасы аралас асығыс айтты да, домбыра пернесін қағып жіберіп, селдір шашын және жоғары селкіп тастап, кірпішшешен қылқындарынша тікірейтіп алды да: «Ах!» деп бастап Марина Раскова туралы жыр өзенін ақтара жөнелді. Көкала бұлттарды көз ілескенше жарқ етіп астан - кестен сапырған нажағайша жыр шумақтарын шиыршық аттырып түйдек - түйдегімен тастайды. Сөйтіп атақты «Он бір күн, он бір түн» дастанын қырық - отыз минутта айтып шықты. Совет қызы Марина Раскованың ғажап ерлігін жүрек қанының от ыстығымен, асқақ шабытымен дауылда-жауындатып, кейде мамырлатып жаяулатып, қайыра көтеріп шарықтатып толғап берді.
Джерманеттоға Мұқаң аударып беріп отырған-ды. Екі көзін Исадан алмай, құлағы Мұқанда боп тыңдаған қонақ:
- Айту Иса жолдастікі, оны әсерлі байыту сіздікі болды. Әуезов жолдас! Мен түсінбес тілде айтылған жырды соншама сырлы етіп, жырлы сипатты түрде асқан көркем поэзия қалпында жеткізіп берген Сізге бүкіл италия халқының жүрегінен рахметімді қабылдаңызшы! - деп өзімен қатар отырған Мұқаңның риясыз ризашылықпен қолын қысты. Біздер ду қол соғып жібердік.
- Бар екен ғой дүниеде жан сусындатар ғажап жандар! - деп еді.
Мұқаң рахмет айтты да:
- Джерманетто жолдас, менікі тек Иса ақынның жыр құйыны жүйткуінен үлгірген жерімнің ұзын-ырғасын Сізге жеткізу ғана ғой. Дарын Иса! Иә, Иса ақын дарын! - деді.
- Түсінем, Әуезов жолдас, түсінем. Мәдениет пен әдебиет Европада ғана деушілер ағат айтатынына тап осы кеште көзім әбден жетті. Сізді туғызған, мынадай ақынды туғызған халқыңызға рахмет! - деп бір тынды да, қайыра сөйлеп кетті. Бұл жолғы сөзінде өзін Қазақстанға, осыншама бақытты, талантты елге жіберген Коминтернге, Москвадағы жолдастарға шексіз ризашылығын айтты.
Содан кейін Исаны қасына шақырып алып құшақтап, жауырынан қақты:
- Рахмет! Саулығыңызды сақтаңыз! Сіздің саулығыңыз халқыңыз үшін, дәуіріңіз үшін керек, солай достым!
Сөйтіп, ақиық ақын Исаның «Он бір күн, он бір түн» поэмасы осылайша туған еді.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды