С. БЕГАЛИН «АҚЫН ӨМІРІНЕН»

#

Иса Байзақұлы өзімізбен бірге жасасып, күні кеше ғана қатарымыздан кетті. Ол бүкіл Қазақстан жұртшылығына өнерімен, өлеңімен өзін танытқан ақын, замандас еді. Иса әрі ақын, әрі артист, әрі өрісі кең жазушы еді.

Мен Исаны ең алғашқы 1925 жылы июнь айының ішінде, Қоянды жәрмеңкесінде көрдім.

Жәрмеңке жаздың өте бір көңілді күндерінде басталды. Қызмет ретімен, шаруа жайымен келген алуан түрлі елдің бас косқан орны, осы жәрмеңке болатын. Иін тірестіре тігілген үйлер, бірінде ән салынған, бірінде күйсандық ойнаған қызу думанның үсті еді. Батыс жағы айнадай шалқыған Қарасор көлі, күншығысы күрілдеп аққан Талды өзенінің арнасы, оңтүстік, солтүстік қойнау: Қоныр адыр, Қоянды, Тоқпан шоқылары. Осылардың ортасынан орнаған жәрмеңке орны шалғынды, томарлы көкмайса еді.

Біз де сол топқа келдік, әлі еш нәрсені көргеміз жоқ. Тек бір айқай, құйындай бұрқыраған бір өлең серпінін аспанға шарықтатады.

Топ ортасында ашық үлкен автобус, оның үстінде толған адам. Өзге жұрттан ерекше, алып денесімен Қажымұқан көрінді. Қасында әртүрлі киінген бірнеше жігіттер бар. Бірақ, елдің өзеурей қарап, өзгеден көрі құмарлана көз тіккені екі адам.

Қолындағы сырлы домбыраны біресе аспандата, біресе шалқыта, үні мен сөзі құйындай жүйткіген бір жас жігіт ән салып отыр. Бұл жігіттің кім екенін сұрастырғанда, Иса ақын болып шықты. Ол жүріп келе жатқан автомобильдің үстінде домбырамен желдірмені жүйткіте соғып, Қажымұқан балуанның күшін, дүние жүзін аралаған өнерін өлеңмен келістіре сипаттап, елдің еркін билеп әкеткендей. Бұл топтың ішінде Қалибек те бар, Зәрубай да бар. Қалибек жиылған топты шанышпа, тапқыр сөзімен күлдірсе, Зәрубай бірде қоян, бірде жылан болып, сан алуан ойын көрсетеді. Олардың бұл жүрісі ертеңгі күні үлкен ойын көрсетіледі. Қажымұқан үстінен үлкен автомобиль жүргізеді, кеудесіне қойып жалпақ сом тасты ұрғызып сындыртады, - деген қолма-қол хабарландыру еді.

Ертеңінде Қажымұқан ойын көрсетті. Қажымұқан әрбір ойынды көрсетерде Иса домбырамен оның жайын түсіндіріп, желдірмеге толғайды. Бір жағынан гармонын құлаштай сермеп Майра да отырды. Адамның асқан күшті алыбы Қажымұқан, құйындай ұйтқыған ақын Иса, ән асқағы Майра, түйдек бір жерде бас қосып, Омар мен Қалибектің де күлкі-сықағы араласып, ойын қыза түсті. Осы күннен бастап-ақ, Исаның даңқы елге таралып кеттан еді. Одан кейін Исаны Алматыда көрдім. Иса бірде сахнада, бірде концерттерде ән мен өлеңді талай ағытты. 1938 жылы Жазушылар одағының үйінде Октябрь мерекесіне арналған бір мәжіліс болды. Сол мәжілісте осы қаладағы жазушылармен бірге, Үмбетәлі Кәрібаев, Саяділ Керімбеков, Сапарғали Әлімбетов тағы басқа да халық ақындары болды. Сол кезде атақты «Родина» самолеті Москвадан ұшып Қиыр Шығысқа қонбай жету сапарынан қайтып келіп, советтің ұшқыш қыздарының асқан ерліктері дүние жүзілік даңққа бөленіп еді.

Бұдан кейін де Исамен талай кездестік. Соның бірі -1940 жылы көктемде, Түрксиб жолының 10 жылдық мерекесіне байланысты, ақын-жазушылар бригадасы ұйымдастырылып, жол бойына шыққанда, Исамен жарты айдай бірге болдым. Бұл жолда біз Шу, Луговой, Жамбыл, Шымкент және Қырғызстанға дейін барып қайттық. Осы сапарда әрқайсымызбен әр жағдайда іштей ұғысып, көп сөйлесті. «Менің өмірімді ешқайсыларың білмейсіңдер. Неге жазып алмайсындар. Мен өзім айтайын, жазып алсайшы» деп бір-екі рет ескертті.

Осы жолда біз Қырғызстанға бардық. Қырғызстан жазушылары бізді аса зор құрметпен қарсы алды. Біз барған кезде, Қырғызстан жазушыларының пленумы болып жатыр екен, ол жиындарына да қатынастық. Біздің бригаданы Қырғызстан Жазушылар одағы, қырғыздың халық жыршылары, жазушылары бәрі бас қосып, қонақ етіп, туысқандық, достық мәжіліс ұйымдастырды. Мәжілісте қырғыз, қазақ жазушылары атынан Аалы Тоқамбаев, Сәбит Мұқанов жолдастар сөйледі. Бұлардан кейін Иса сөз сұрап алып, сөзін өлеңмен айтты. Ол қырғыз бен қазақтың туысқандық достығы, әсіресе, қырғыз елінің тарихын шолып, сонау Енисей өзенінің, Алтай атырабында болған көне уақыттардағы уақиғаларды байланыстыра келіп, сөз нөсерін ағылта шарықтады. Қырғыз жазушылары мен халық ақындары - Халық, Әлімқұлдар Исаның ақындығына сүйсіне, зор құрмет етті. Бұл күні Иса сан алуан жыр төкті, бірақ ол жерде бұл жыры жазылған жоқ. Кейін де оны өзі құнттап жазбаған болар, өйткені ақынның қолжазбасынан кездестіре алмадық.

Исаның осындай бір ерекше шақтары айтылғанда, оның өз тұсындағы ақындардан (халық ақыны) озық екені айқындала береді. Әсіресе дайындалмаған жерден үлкен жырды өзекті етіп төге салатын әдеті, Исаның бойына біткен айрықша қасиет еді. Мұнан кейін Исамен 1940 жылы июль айында сұлу Көкше, Бурабай курортында кездестім. Бір күні таңертең ерте біз жатқан үйдің есігін біреу қатты қақты. Біз үш адам едік. Ояу жатқан Қазы деген жас жігіт есік ашты. Есік ашылғанда-ақ Иса кіріп келді. Ойда жоқ жерден келген Исаға бәріміз де орнымыздан тұрып амандасып, мәз-мейрам болып қалдық. Иса үйге өлеңдете кірді.

«Жақын деп жанымды ұғар сәлем бердім,

Таң атпай баса-көктеп кіріп келдім.

Мөлтілдеп бауырында Бурабай көл,

Көкшетау – жәннәті ғой жұмыр жердің», -

деп ағызып барып тоқтады.

Біз курортта бір ай жаттық. Бурабайдың көлі, Жұмбақтасы, Оқжетпесі, Бөлектау бойына серуендеп, қайыққа мініп көлдің арғы жағына да барып қайттық. Иса марқұм осы демалысында өте көңілді, шатты жүрді. Осында жатқанда ауруларға арнап екі рет концерт ұйымдастырылды. Жиылған жұрт Исаның ақындығына, сөз тапқыш шешендігіне таң қалысты. 1943 жылғы декабрь айында Алматыда болатын ақындар айтысы күндерінде, Иса айтысқа кешігіп келіп, Жазушылар одағында, жеке үйлерде бәйге алған ақындардың әрқайсысымен бір қағысып қалып жүрді. Соғыс кезінде Иса үнемі ел аралап жүрді де, кездесуіміз сирек болды. Ақырында, Исаны көбірек кездестіріп, жақын араласқан мезгілім 1946 жылы июль, август айлары болды. Жазушылар одағының, Тіл және Әдебиет институтының басшылары Исаның өмірбаянын жазып ал деп маған тапсырды.

Мен бұл тапсырмаға қарсы болғаным жоқ. Оның екі түрлі себебі болды: бірі - Исаның өзі маған жолығып, сөйлесер едім деген тілек айтыпты. Екіншісі - Иса сияқты замандас ақынның, өзім аса қадір тұтатын жанның сол кездегі хал-жайын біліп, аз да болса көңіл күйіне ортақтасуды өзім де мақұл көрдім. Мен Исаны жатқан үйіне іздеп бардым. Бұл - июль айының 13 еді. Мені көріп, Иса марқұм қатты қуанды. Жай-күйіне танысқаннан кейін: «Мені емдетуге орналастыру қамын істеңдер. Қырда жазылмадым, жақсы күтіммен дәрігерлер қарауында, ауруханада біраз болсам жазылам» деп, өмірге сондайлық құмар екендігін көрсеткендей болды. Уайым, мұңаю сияқты сезіктен ешбір белгі бермеді.

Әрине, мен де «жазыласың» деген көңіл көтерер сөздермен әңгімелесіп, біраз отырдым. Ол күні Исамен хал-жай білуден арғы сөзге барғаным жоқ. Мен ертең келемін деп қайтып кеттім. Ертеңінде келсем, Мәкен, Ертіс екеуі (бұл Исаның, сол күнде бірі 12-мектепте, бірі театр училищесінде оқып жүрген балалары) келіп отыр екен. Екі баласына қуанып, тіпті сырқатын ұмытқандай сергіп, көңілді отыр екен.

Біз тағы әр түрлі жағдайды әңгімелесіп отырғанда, өзінің елінен Алматыға келген бір жас жігіт келіп, көңілін сұрады. Ол жігіт Исаның Зылиқа деген тәтесінің жақын адамы екен. Ол еліне қайтпақ болғандықтан, екі баланы тауып танысқан екен. Оған Иса соншалықты риза болып, екі баласына қарап:

- Сендер елді білмейсіңдер. Мына кісіні танып қойыңдар. Зылиқа апаларыңнан туған жиендерің бар. Апаларыңа сәлемдеме жіберіңдер, - деп өзінің қалтасынан ақша алып, балаларын магазинге жіберді. - Сіз де білмейсіз, менің екі балам осы. Жаман болмайды. Мәкен би үйреніп жүр. Ертіс әлі бетін түзеп, өнер таңдауға жетпей келеді. Ауру жаныма батса да, осы екеуін көріп, кешеден бері мүлде сауығып қалдым. Екеуінің тәрбиесі сондай жақсы, - деді.

Одан кейін Исаны өкпе ауруларын емдейтін институтқа орналастырдық. Институтқа барған соң, бұрынғыдан да жиі, үнемі барып отырдым. Бірақ, Иса аса ауырлап қалған еді. Сондықтан оны ауруханаға орналастыру, емдеу тәртібін дұрыстау жағдайларына біраз уақыт өтті. Сөйтіп, Исаның өмірі жөнінде айтқан сөздерін жазып алуды 26 июль күні бастадым. Емдеу орнына жатып, дәрігер көмектері ұқыпты істеле бастаған кезде, ол біраз көңілденіп, сергіп қалды. Өмірбаяны туралы әңгімелескенде Иса былай деді:

«Мен 1900 жылы күз айларында туған екенмін. Менің туған жерім осы күнгі Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Горьковский сельсоветі, «Үлгілі» колхозы, қонысымыз «Жабысқан» деген жер.

Әкем Байзақ шағын шаруалы еңбекпен күн көрген момын шаруа адам еді. Ескіше хат таныған, түркі сауаты бар, жасында ән салып, өз әлінше сауыққой кісі болып, бері келе өлең де жазатын әдеті де бар еді. Шешем Ғазиза, Шөппай деген кісінің қызы. Аса әнші, ойынан өлең шығаратын ашық көңілді, ер мінезді кісі болыпты. Байзақ пен Ғазизадан 9 ұл, 12 қыз туады. Соның 18-іншісі болып мен туыппын.

Үлкендерден сұрап білгенімде, біздің аталарымыз ерте күнде Ертіс өзенінің солтүстік бойына Есіл өзені жақтан көшіп келіп, қоныстанған екен. Біздің руымыз Қуандық, онын ішінде Алтай болады. Өзім жеті атама дейін ғана білем. Өз атым - Иса. Әкем аты - Байзақ. Оның әкесі - Өтеген, оның әкесі - Оразбай, оның әкесі - Меңдібай, оның әкесі - Сағым, оның әкесі -Тілеуберді. Одан арғысын анық білмеймін. Ал, білетін кісілердің айтуына қарағанда, Алтайдың бір қатынынан Әлке, Байдалы, одан Сары атты, Мұрат атты бала туған көрінеді. Ал бұлар бергі қалың Қуандықтан бөлініп, Атбасар жағына барып қоныстаныпты. Бұрынғы Қарақойын, Қашырлы болысына қараған Әлке, Байдалы деген елдер осы біздің арғы аталарымыз көрінеді. Қысқартып айтқанда, арғы руымыз - Қуандық. Менің шешем Ғазиза 9 жасымда қайтыс болып, өзіммен бірге туған ағайым Мұсаның, әйелі Қатираның тәрбиесінде қалдым. Әке - бойдақ, мен - жетім, біріміз келін, біріміз жеңге қолына қарадық. Менің бала кезімде әкем мен Мұса, Арын деген ағаларымның кәсібі Омбы, Қызылжар қаласындағы саудагерлердің елден жиған малын бағып, Омбыға айдап баруға жалдану болатын. Мен ес білгеннен кейін сол ағаларыммен бірге саудагерге жалданып, мал табуды кәсіп еттім.

Шешем өлгеннің келер жылында үлкен ағайымның қайны Нұртазаның қолына барып, соның аулындағы молдадан оқып, хат таныдым. Содан кейін 1914 жылы медресе «Ғалиядан» оқып қайтқан Құрлеуітұлы Құсайын деген мұғалімнен төрт ай оқыдым. Осы кейінгі оқығаным бұрынғы шала сауатымды жетілдіріп, қисса, өлең, кітаптарды өз бетіммен оқуыма жол ашты. Шешем өлгеннен кейін көбінесе нағашы шешем Жанбаланың қолында болдым. Нағашы шешем ер көңілді, сері, еркек мінезді, адуын кісі еді. Сауықты, өлеңді жақсы көретін, мені аса еркелетіп, бетімнен қақпай өсірді. Әсіресе менің өлең айтқаныма аса сүйсінетін еді. Шешеммен бірге туған нағашы ағайым Рақмет те әнді жақсы айтатын, сауыққой жігіт еді. Бала күнімде «Сал торыат» деген әнді сол нағашымнан үйрендім».

Иса өлеңді тіпті ерте бастаған, ол тоғыз жасар күнінде-ақ, бір күні өзінің Зылиқа деген бірге туған апасына соқтығына, бір ауыз өлең айтыпты, сонда Зылиқа:

«Басыңда жұлма-жұлма ескі бөрік,

Ағаш ат астындағы жансыз көлік,

Өн бойың құс түткендей түрің мынау,

Қақсадың тумай жатып шешең өліп», -

депті.

Сонда Иса:

«Кекілін кер бесті аттың түймедім бе,

Тал шыбық бұрайын деп имедім бе,

Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді істеп берген кимедім бе?» -

депті.

Шешемнің «Құлагерді» айтқандағы әдемі даусы әлі құлағыма келіп тұрғандай болады. Менің тіпті бала күнім. Шешем бір күні суға барғанда қасына ере бардым. Сонда Ертістің бір айырық жерінен су алып, шелегін қойып, ақырын өлеңдетіп:

«Біз жүрміз «Жабысқанның» суын ішіп,

Жазғанын бұл тағдырдың бастан кешіп,

Қанаты қаршығаның бітсе маған

Өзім-ақ барар едім құстай ұшып», -

деп «Құлагер» әнімен айтты. Әрине, шешем онда аса жас емес еді. Бірақ туып-өскен елін (төркінін) сағынып жас кезінде айтқаны болар деймін. Менің аз нәрседен сергіп кететін, ақкөңіл, жомарт мінезім шешеме, тез ашуланатын кіді мінезім әкеме тартқан. Өзімнің кескінім де шешеме тартқан еді. Шешем Ғазизаның көп мінезі жоғарыда айткан шешесі Жанбалаға тартқан еді. Жанбала аса есті, сауыққой сері мінезді кісі дедім. Шешемнің де көп мінезі осы шешесіне тартқан еді. Сол нағашы шешем 1916 жылдың аяғында өлді. Өле-өлгенше мені аса еркелетіп, өлең айтқаныма сондай сүйсінетін еді. Осы кісі өлісімен-ақ аналық мейірімнен ажырап, қорғансыздыққа ұшырадым. Бірақ есейіп те қалған едім.

1916 жылғы уақиғада менің жасыма толмаса да тізімде 21 жаста болып шығып, ағаларым: Мұса, Арын, әкем Байзақ төртеуіміз бірдей қара жұмысқа алынатын болдық. Көппен бірге майдан жұмысына жүруге әзірлендік. Томск қаласының қасында бір көмір шахтасы бар екен, біз сонда жұмысқа бардық. Бір біздің ел ғана емес, сол атыраптағы елдің бәрінен де адамдар барған екен. Біз барған соң-ақ, әр едден келген адамдармен қоян-қолтық араласып кеттік. Әсіресе менің өлең айтқаныма сүйсініп, мені жеңіл жұмысқа қойды. Осы жылдың өзінде-ақ ел арасына «бала ақын» атанып, атағым жайыла бастады. Сол жылы елге келгеннен кейін Бабашайық Жаныбекұлы деген ағайынымыз Қанжығалы ішінде Жұмабек деген нағашысына баратын болып, мені ертіп жүрді.

Жұмабектің аулына келдік. Жұмабек, алдына ақын барып, өлең айтпаған, тәкаппар адам екен. Бабашайық маған «қорықпай айтьш көр» деп сыбырлады. Ол кез өлеңді бастау дәстүрі де қиын кез, не дін, не ел аруағы, не адам шежіресінен бастап айту керек. Мен өлеңді адам шежіресінен бастап айттым. Жүмабек тыйым салмай тыңдап «бала, ақын екен» деп сараң ғана сөз айтты. Маған соның өзі үлкен сый болды. Осы жолдан қайтқанда атым бұрынғысынан да жайыла түсті. «Жұмабекке өлең айтыпты...» деген алып қашты сөздер ел арасына тарап кетті. Сол 1918 жылдың бас кезінде: «Құдас Төбет» деген елдің ішіндегі Сағит деген ақынмен айтыстым. Тұңғыш айтысым осы. Сағит кексе, көпті көрген ақын, ол өлеңді ел руынан бастап айтты. Мен ол жағынан жеңе алмайтын болған соң жұмбақ айттым. «Бір шақырымда неше ине бар» деп сұрадым. Сағит біле алмады, тоқталып қалды. Оны өзім шешіп бердім. «24 000 иненің бойы бір шақырым болады» деп түсіндірдім. Сөйтіп, бәйгені мен алдым. Осы айтыстан кейін бұрынғыдан да өлеңге құмарлығым асып, айтыс іздедім. Бірақ, лайықты ақын кездеспеді.

1920 жылдың қысы, Совет өкіметі орнаған кез. Ел ішіне уәкілдер келді. Павлодардан келген қызметкерлер мені шақыртып алып, ертіп жүреді. Құдас деген елдің ішіндегі Бердалы Жылқыбаев дегеннің үйінде Құдайбергенмен айтыстық. Бұл айтыста да мен оны тоқтаттым. 1921 жылы Керекуде (Павлодар) автономия тойы болды. Осы тойға мені қалаға шақырды. Ұлы Октябрь революциясының халыққа берген бостандығы, қазақ елінің автономия алуы, халықтың рухын сондай көтерген еді, қаланың қыр жақ қабағына бірнеше жүз үй тігілген, жүздеген бәйге ат жаратылған. Адам дегенің жер қайыстырады. Мұндай топқа шығып өлең айтып көрмеген жас кезім болғанымен, жүрексінбей-ақ, өлең айтқым келіп, делебем қозып, шабыттана бастадым. Мені үкімет адамдары шақырып, биік ағаштан жасаған сәкіге шығарып тема берді. Осы берілген тема бойынша өлең айтып шықтым. Баян жағынан келген жігіттер шақырып, мен қырға шығып кеттім. Сол жолымда Жұман деген кісінің тойына кездестім.

Қаладан қырға атым кең жайылған. Және автономия тойында көрген жұрт қатты құрмет етіп, бір ақ үйге түсірді. Ол үйде бұрыннан көп адамдар отыр екен. Өзге елден ерекше ақ қамзол, ақ шапан, ақ тақия киген біреу көзіме түсті. «Кім?» - деп сұрастырғанымда өзі жауап беріп:

- Мен Нұрғожа Мәшһүр болам, - деді, кеудесін түртіп. Бұрын ондай Мәшһүр деген кісіні естімеген едім. Оның үстіне, менің өлеңімді қағытып, орынсыз мінез көрсетті. Тағы да ақындықпен Мәшһүрмін дегендей өзін көкке көтеріп, менен ақыл сұрап айт дегендей кісілік көрсетті. Мен оны көтере алмай:

- Ақ киініп әуреленген қай Мәшһүрсің,

Жамылған қой терісін қай қасқырсың,

Естуім Жүсіп деген Мәшһүр біреу

Өзіңді-өзің мүшкіл ғып қайдан жүрсің? -

деп ем, отырған ел күлісіп қалды. Көп ішінен біраз адамдар:

- Бұ да ақынмын деп кеудесін қағатын еді, қағыспай қала ма, - деген қыздыру сөздер айтты. Мәшһүрім айтысам деп қызып еді, мен өлеңді бастырмалатып, жер-жебіріне жете, алып кеттім. Үн шығара алмай қалды. Сол жол ел ішінде қызмет істеп жүрген Қаныш Сәтбаевқа жолықтым. Қасында болып, өлең айттым. Қаныш кешікпей Томскіге оқуға жүрмек болды. Бірақ, әлденеше күн бірге болып, маған Семейге баруға ақыл берді: «Ел ішінде жүріп қалсаң надан ақынның бірі болып қаларсың, қалаға оқуға бар», - деп мені жақсы көрген ықыласпен ақыл берді.

Сөйтіп, октябрь ішінде пароходпен Семейге келдім. Менің іздегенім керекулік бір мұғалімнің үйі еді. Оны тапқан соң мүлде еркіндеп алдым. Өзі бір татар үйінде пәтерде тұрады екен, мені Семей қаласының Ташкент көшесінде тұратын Құсыке деген адамның үйіне әкеліп орналастырды. Құсыке де сауықшыл адам екен, үйір болып кеттік. Семейде ашылған жұмысшы факультеті бар екен, соған оқуға түстім. Күндіз оқу оқимын, кешкілікте Құсыке қымызға ертіп барады, не оның үйіне кісілер келеді, әйтеуір өлеңсіз отырмаймын. Біраздан кейін қаланың қызметкерлері де мені тани бастады. Небәрі 23 күн оқып, факультет жабылып қалды. Сонан кейін Семейдің клубтарында ойын қоятын қазақ жігіттерінен құралған труппаға кіріп ойындарға қатынастым. Әміремен осы ойынға қатынасып жүргенде таныстым. Семейде шығатын газет, қаладағы сауықшыл жұртшылық маған үлкен ой сала бастады. Әсіресе, сонау Баян тауында болған аз уақытым ойымда Өзекті өлең болып таралғандай, бір үлкен шығармаға үнемі жетектейді. Тіпті кейбір мәжілістерде, өлең, поэмаларды жүгіртпелетіп айтып та жіберетін едім.

Сол жылдары пароходпен Ертісті өрлеп Зайсанға дейін барып қайттық. Марқакөл, Алтай алабы, Қалба, Тарбағатай тауларын көрдім. Осы көрген жерлерім, сол елдерден естіген ертегі, аңыз, әңгімелер «Алтай ертегісі», «Құралай» тағы үлкен жырларымның әңгімесін туғызды. Жер жаралса, Алтай болып жаралсайшы», - деп, дем алды Иса. Екі күн өткеннен кейін тағы келдім. Иса бұрынғыдан гөрі бәсеңдеп қалған екен.

«Мен осы аурудан жазылсам, шіркін, Баянға барып тұрып, Жасыбай көлінің жағасында жатып, өлеңді өзен етіп ағытар едім. Бүгін жазам, ертең жазам деп жүрген талай темам бар еді. Әсіресе, «Рүстем-Зарап», «Назымбек», «Желбегей», «Қырмызы-Жанайдың», бітпей қалған ақыры», - деп бірсыпырасының атын айтты.

Бір ескерте кетерлік нәрсе, Иса жазамын деген темаларының ішіндегі «Назымбек» жыры бастап жазылған да сияқты. Өйткені, Исаның қолжазбаларының ішінен, «Назымбек» деп ат қойып бастаған бір шумақ өлең бар:

«Тағы бар сауық тік табанында,

Ержігіт сөйлей білер заманында,

Өтіпті ноғайлыда Асылбек бай,

Кешегі Орманбет хан заманында...» -

деп тоқтаған. Бұған қарағанда, «Назымбекті» бастаған.

«Мен желдірмені бес-алты түрлі етіп айтам. Оның өзі -өлеңді бастау, тынымдау, желпіндіру, аяқтау сияқты түрлендіру.

Арқада Желбегей деген жүйрік болған екен. Екі жағымен кезек жүгіреді екен. Мысалы, не қамшылар жақ, не мінер жак екі аяғын құлаштап, бір жағын тынымдатады екен. Сөйтіп барып, тағы бір жақ екі аяғын тынымдатып неше күндік жерден жіберсе де, бәйгенің алдынан келеді екен. Осы Желбегейді жазайын деп қызығып едім», - деп бір тоқталды. «Бірақ осы желдірмелердің бәрінің арғы түбі бар, Алғашқыда мен желдірменің өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдайбергеннің сарынынан алдым. Гәккудің Қыз Жібек операсындағы түрін ел аузынан естігенімнен өңдеп, мен айтып бердім. «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні халықтікі, оның ішінде тіпті Жетісудікі емес, мен есіткенде Арқадан есіттім. Бұл тексті жазуда үлкен сыр бар еді, енді айтайын» - деп Иса аз тынымдап дем алып, ол сырын айтты:

«Мен алғашқы әйелім Шарбануды 1924 жылы алдым. Одан бір жыл бұрын көріп танысып, көңілімізде айрықша сүйіскен уәде болды. Алғашқыда қыз үй ішінен батып менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. Бірақ кейіннен ғана ел ішіне таралды.

Екі баламның шешесі Шарбану сондай жақсы адам еді. Бір-бірімізге дос едік. Ол 1937 жылы 28 апрельде қайтыс болды. Менің басыма кейбір жүдеушілік те осы жарымнан айрылған соң кездесті», - деп, сәл өңі бұзылып, қамығайын деді.

«Мен елден ерте кеттім. Сонан ел ішіне барып тұрғаным жоқ. Әкем Байзақ 1933 жылы, үлкен ағам Мұса да 1932 жылы Қарағандыда қайтыс болған. Қазірде туысқанымнан тірісі бір қыз - Зылиқа, басқасы өлген», - деп әлі азайған сайын туыс деген сезім билегендей болды. Ендігі келгенімде, бұрынғыдан да әлсіреп жүдеп қалған екен. Бұл кездесуде ол:

«Енді осы аурудың шығатын кезі болды білем. Тәуір мұжыды ғой. Қалайда жазылуым керек. Бұдан артық аурудың менде не алмағы бар», - деп, азырақ күлімсірегендей болды:

- «Менің көп қолжазбам әр жерде шашылып кетті. Мен оны сау күнімде құнттадым ба? Біразын өз қолымнан Академияның фондысына бергемін. Ал, біразы Тайырда болуға мүмкін. Қазір бәрі есімде жоқ. Орнымнан бір тұрсам бәрін жинап алар едім. Ертіс әлі жас, Мәкен - әйел бала ғой, олар тұрмыстан, өмірден жетімдік көрген жоқ, көрмейді де ғой» - деп екі баласы жөнінде маған арман тәрізді сырын айтты:

- Екі бала әлі жас. Әлі өмір сырын ұғатын жасқа да келген де жоқ. Менің оларға қалдырған аталық еншім де, азды-көпті еңбегім ғой... Балаларым үшін емес, халқым үшін, Отаным үшін істеген еңбегімнің «біздің әкеміздің еңбегі дер иесі солар болсын» деп бір ескертіп кетті. «Менің шығармаларым құнтталып жинақталсын» деген тапсырманы өзінің ақырғы өтініші еткендей болды. Мен енді екі күн өткеннен кейін келгенде, Иса марқұм: Сірә, осы ауру не алады, не кешікпей қалады. Тіпті әлімді азайтты, - деп жымиып қана күлгендей болды. Даусы да бәсеңдеп қалған екен. Мен де әңгіме сұрап, әліне тиюді лайық көрмедім. Аз отырған соң: «Мен, бір дұрыс үйде болып күтілсем жақсы болар ма едім», - деп ойын айтты. Иса марқұммен 9-11 августан кейін әңгімелесуді тоқтаттық. Тек барып, рұқсатпен көріп қайтып жүрдім. Күн санап әлі азая берді. Ақырғы күндерде үстіне кіруге біржолата рұқсат бермеді. Исамен қатар бөлмеде жатқан Бұрһан деген агроном жігіт, сол ғана хал-жайынан бізге айтып отырды. Ол кейінгі сағатта Иса халін қатар бөлмеде болып көзімен өткізді. Иса марқұм қайтыс болатын түнге дейін ешбір өлімді мойындамапты. Өзіне келіп халін айтьш кеңес берген дәрігерлерге: «Мен жазылам, сендер не айтып жүрсіндер, ауру мені жеңбейді, өмірді өлім жеңуші ме еді» деген ылғи үмітті сөз сөйлеген. Бұрһан Иса өмірінін ақырғы түнін былай деп әңгіме етеді: «Күндіз аптап ыстық болды. Қаншалықты ауру меңдетсе де, өлімге мойындамай, ара-тұра қалыпты өзінің желдірмесінің сарынын шығарып, өлең айтады. Менімен бірге жатқан орыс жолдастар да бар еді, олар да осынша ауыр халде жатып Исаның өлең айтқанына орасан таңданды. Айдың ортасы ауған кез, кешігіңкіреп ай көтеріліп, үйге сәуле түсті. Түнгі қоңыр самал жел есіп, үйдің ішіне алма исі анқып кетті. Өйткені, ауланың іші толы алма ағашы, қалың шыққан алманың толқып піскен кезі. Ұйқы жоқ. Терезеден сыртқа қарап жатты. Алыста жал тартқан қарлы асқар, мұнартқан түн, табиғат қалғығандай, ақырын ғана демін алады. Әлден уақытта Исаның үні құлағыма келді. Терезеден сығалаған ай сәулесі, алакөлеңке жарығын түсіріп, сыр тыңдағандай болады. Жаратылыстың осы бір әдемі шағына қош айтқандай ақын Иса әлсіз үнмен қоңырлатып әлденені айтты. Мен әдейі тұрдым да, барып тыңдадым. Ол әлсіз денесін ай сәулесіне шомылдырғандай, өн бойын тұтас аялаған ай жарығына қадала қарайды. Сөйтеді де, жар-жар өлеңін айтып, шұбырта-шұбырта жырлайды. Бір мезгілде әрі терең, әрі ұшқыр ойдың қанатына мінгендей болады. Ол әлсін-әлсін жырлағандай болады. Аздан кейін жаздың қысқа түні де өзінің міндетін атқарғандай, таң рауанына жол бере бастады. Шығыс жақ ақтандық тартып, таң сілемі өрлей берді. Исаның үні әлсіреп, денесі біртіндеп өмір жолын тоқтатқандай жуаси берді. Ай сәулесі әлсіреп, таң нұры көтеріліп, айналаны өмір қызығына бөлей бастады. Ақын Исаның алып үні тоқталып қимылсыз денесі төсегінде жатты». Исаны жазушылардан, искусство, ғылым қызметкерлері коллективінен, оқушылардан көп халық жиналып, 3 сентябрь күні Алматыда жерледі. Исаның өзінен қалған екі баласы бар. Бірі – Мәкен (Махпуза), екіншісі - Ертіс. Иса ақынның өмірбаяны жөнінде жиналған материалдар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан, Исаның толық өмірбаянын жазу, ақын жөнінде арнаулы еңбектер жазу, алдағы күндегі әрі игілікті, әрі маңызды жұмыстарымыздың бірі деп білеміз.

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды