Жылдар жылжып өтіп жатады. Өткен оралмайды. Бірақ ұлы Мағжанның тілімен айтсақ «туған жеріңе өлеңмен өң берген елім деп еңірей білген, көкте күн боп, көпке нұр шаша білген ұлы ақын еш уақытта да өлмейді, мәңгі жасайды». Міне, осындай теңдесі жоқ ақындардың сапына Иса Байзақов жатады. Ол тыңдаушысының жүрегін жалынымен жандыра білген өлең-жырдың асқан дүлділі еді. Қалың қазақ қауымы Исаны көзі тірі кезінің өзінде дәл осылай түсінді. Сонау Атыраудан Алтайға дейін, Алатаудан Арқаның солтүстік қалың ормандарына дейін мекендейтін қазақ елі ақынның байронизм ізімен жазылған романтикалық тамаша дастандарын ойын-тойларда, шілдеханаларда түгелдей жаттап алып, әндетіп шырқайтын еді.
Ең алғаш мен Иса ақынның өзімен емес, өлеңімен таныстым. Ол 1927 жылы болатын. Қыстың күні. Әкем Жармұхамед пен үлкен ағам Мүбәрак екеуі жексенбі күні Булаевта болатын үлкен базарға кеткен. Кешке қарай үйге оралды. Мүбәрак ағам бір ішік сатып алыпты. Тамаша әдемі түлкі ішік, қаракел жағалы, тысы көз тартатын көкшіл шұға. Біз кішкентай балалар, ішікті көруге ұмтылып едік, Мүбәрак ішіктің қалтасынан бір көк тысты жұқа кітапты суырып алды да, маған берді: «Мә, Мағжан ағай әдейі арнап саған жіберіпті» деді. Мен төбем көкке жеткендей қуандым. Кітап «Құралай сұлу» деп аталады. Үстіңгі жағында Иса Байзақұлы деген ақынның аты тұр. Мағжан кітаптың бұрышына өз қолымен «Хамзаға» деп жазып қойыпты. Басқа сөз жоқ. Өзінің атын да жазбапты. Бірақ қолтаңба – ұлы ақынның өз қолтаңбасы.
Өзімнің ағаларым Ғалымжан, Қалижан үшеуіміз оңаша бөлмеге кірдік те бөгелместен оқуға кірістік. Дастан өзінің бірінші шумақтарынан бастап бізді әлдеқандай бір ғажайып дүниеге қарай ала жөнелді.
Ол ораза күндері еді. Елдің ересек адамдары ораза күндері уақыттарының көбін бас қосып, әңгіме айтумен өткізеді. Кейбіреулер еліміздің өткенінен сыр шертсе, кейбіреулері таяуда ел аралап келіп, көрген қызықтарын әңгіме етеді. Ал қазақ тілінде жаңа кітап, немесе жаңа қисса шыға қалса, барлық ауылдың кәрі-жасы жиналады да, соны жақсы оқитын бір балаға оқытады, өздері зер сала тыңдайды. Бұл әдет біздің ауылдың сол кездегі дәстүріне айналған. Осы дәстүр бойынша папам ертеңінде біздің үйге ауыл ақсақалдарын жиып, кешегі әкелген Иса Байзақовтың екі дастаны «Құралай сұлу» мен «Қойшының ертегісі» оқылатынын хабарлады. Біздің үй адамға лық толды. Дастандарды оқу міндеті әдеттегідей маған жүктелді. Ортаға отырып, мен оқуға кірістім. Жұрт бар ынтасын сала тыңдады. Екі дастанның екеуін де оқып бітіргеннен кейін тыңдаушы жұрт дастандардан алған тамаша әсерлерін ортаға сала бастады: «Мынау Исаның өзі өлсң жырдың дүлділі ғой», «Дүлділі емес, Құлагері демейсің бе?», «Біздің Мағжанның «Батыр Баянымен» тең түсіп жатыр ғой» «Кей жерлерінде тіпті Мағжаннан асыпт үскен де сияқты», «Япырмай, ә, мынау Исаның өзі сұрапыл екен», «Өзі қай жердің қазағы екен?». «Соны білмейсің бе, мына өзіміздің Омбы мен Кереку арасында тұратын арғындардан ғой...» деген лепірме сөздер айтылып жатты. Кейбір қарттар «Құралай сұлу» мен «Қойшының ертегісіндегі» оқиғалар мен кейіпкерлерді де жақсы біледі екен, соны сөз етті. Монтай би, Келден батыр, ер Ағыбай туралы білетіндерін ортаға салды.
Міне, мен бірінші рет қазақтың ұлы ақыны Исамен осылай таныстым.
Өзін 1935 жылы Омбы қаласында көрдім. Ол кезде мен Омбыдағы ауылшаруашылық жүмысшылар факультеттерінде оқитынмын. Бұл жұмысшылар факультеті де бір кезде талай қазақтың саңлақтарын өзінің ұясынан ұшырды емес пе? Атақты Ғабдолла Бұзырбаев, Файзолла Кәріпжанов, Зейтін Ақышев, тағысын тағылар осы оқу орнының қабырғасынан шықты.
Иса ақын Омбыдағы бірінші кездесуін біздің клубта өткізді. Тек қана «рабфак» балалары емес, бүкіл қала тұрғындары Исаның келгенін естігеннен соң клубқа симай кетті. Келесі күндері ақын кездесулерін қазақтың педтехникумы мен медтехникумінде өткізді.
Қанша өлең айтса да, бәрін қолма-қол ойдан шығарып айтты. Өлендерінің негізгі тақырыптарын қазақ балаларының өнер, білімге ұмтылып, оқуға жұмыла кірісіп жатқандығы. Ертеде қазақтың Шоқан сияқты, кейініректе Досов, Нұрмақов, Тоғлин сияқты білгірлерінің бәрі осы Омбыдан білім алғанын, немесе Омбы туралы Асан қайғының айтқан пікірлері.
Исаның бір ғажабы: қаншама өлең айтса да, ешбір бөгелу, кідіру деген жоқ. Үздіксіз сайрап тұрған Арқаның бозторғайына ұқсайды. «Мұндай да адамзат баласының қанынан жаралған бұлбұл болады екен-ау» деп күбірлесіп жатты кейбіреулер. Міне, бұл менің Иса ағаны бірінші көргенім.
Келесі кездесуім – Алматыда, 1938 жылы еді. Мен ол кезде Алматыдағы Журналистер институтында оқитынмын. Өлең жазам. Жазушылар одағына, «Қазақ әдебиеті» газетіне көп барам. Қапан Сатыбалдин Жазушылар одағында жас ақындарды басқарады. Екеуміз доспыз. Сондықтан да мен оған күнде бармасам, көңілім көншімейді.
Бір күні Қапан отырған бөлмеге кіріп бардым. Қапанның столы есікке жақын. Есіктің сол қол жағында болатын. Кіріп барғанда есіктің оң жағында жұпыны киінген қараторы адам отырды. Мен оған мән бермей тура Қапанмен амандаса бастадым. Қапан: «кет, малғұн, тарт қолынды». (Ол менімен осылай қалжындасатын) «Әне артыңда ұлы адам отыр, алдымен сол кісімен амандас, жаман қолыңды содан соң маған ұсын, надан» деп қолымды шапалақпен ұрып жіберді.
Мен артыма жалт бұрылдым да, Қапаннан «Бұл кісі кім болады? деп сұрадым. Қапан, өзінің әдеті бойынша жас баладай қарқ-қарқ күлді де: «надандығың айқындалды. Бұл кісі – қазақтың теңдесі жоқ ұлы ақыны Иса Байзақов деген кісі. Осы күнге дейін «Құралай сұлуды» да оқыған жоқ екенсің ғой, несчастный рифмач» деді.
Мен «Ойбай, кешіріңіз, ағатай!» дедім де Иса-екеңмен қос қолдап амандастым. Содан соң Қапанның «надан» деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жеткен болу керек, ұзын бөлменің анау шеткі терезесіне қарай шегініп кеттім де:
Ойласаң: Өткен күнді айтады жыр
Тыңдасаң: Естіледі бір терең сыр.
Ой өліп, өмір сөніп көп соғылған.
Суреті өткен күннің алдымда тұр....
деп бірінші шумақтан бастап «Құралай сұлуды» ағыттым ғой кеп. Иса да, Қапан да маған күле қарап қатып қалыпты. Мен дастанның бірсыпыра шумақтарын айттым және қатарынан емес, арасында бірнеше шумақтарын тастай отырып, өзімізше «ерекше әсерлі» деген шумақтарға көбірек тоқталдым. Мысалы:
Сүрбикеш, жымырылтып қос құлағын,
Шақырды шапқан сайын аруағын.
Тер шығып тебінгіден алған кезде
Түсірді бірақ жерғе төрт аяғын.
немесе:
Бір кезде қара қасқа атты қара қалмақ,
Бұрылып тұра қалды маған қарап.
Қисайып садағынан тартанын деп,
Шіреніп енді атқалы тұр сығалап...
Дастанды оқығанда мен әртүрлі жолдарды нақышына келтіріп ырғақтарын көтеретін жерде көтеріп, төмендейтін жерде бәсеңдетіп, өлең жолдарының ырғағына зақым келтірмей, ақынның өз әуендеріне жақындай түсуді қадағалап оқыдым. Осының бәріне Исекең риза болғандай, маған күлімсіреп қарап отырды.
Мен дастанды айтып болдым да, Қапанға таяу келіп, «Міне, сенің Хамза наданың Исекеңді осылай біледі» дедім. Иса-екең күлін жіберді де, маған: «Айналайын, бері келші» деді. Мен жақындап келіп, басымды идім. Ол кісі маңдайымнан сүйді де: «Сен де айналайын елім деп еңірейтін ақын бол» деп батасын берді.
Міне, Иса ағамен алғашқы бетпе-бет танысуым осылай басталды. Осыдан кейін мен Иса ағаны көрген сайын ол кісіге иіліп сәлем беріп, ақындық аруағының алдында тағзым етумен, елімізге тағдырдың сыйға тартқан кемеңгерін пір тұтумен болдым.
1940 жылы Алматыдағы Журналистер институтын бітірген соң мен «Солциалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болып істедім. Менімен бірге егде журналист әрі ақын Несіпбай Манашев дейтін кісі істеді. Редакциямыз қазіргі Карл Маркс көшесі мен Гоголь көшесінің бұрышында екі қабатты үйдің екінші қабатында орналасқан еді. Есіктен кіре бергенде оң қолдағы бірінші есік Манашев екеуміздің отыратын бөлмеміз.
Манашев Несіпбай ерте уақытта «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып істеген. Оның қарауында сол кезде кейіннен академик болған Сақтаған Бәйішев, атақты ақын, жазушы Саттар Ерубаев, журналист Жүсіп Алтайбаев, Асқар Лекеров істейтін. Жеңіл өндіріс Сейітов те, сауда халық комиссары Ілияс Омаров та Несіпбайдың жақсы көретін достары болатын. Сондықтан да Несіпбай кіммен сөйлессе де, кіммен кездессе де батыл да үстем сөйлейтін. Бірақ Иса-аға кіріп келгенде, Несіпбай орнынан ұшып түрегеліп, бас иіп тағзым ететін де, құшақтап сүйетін. Содан соң Несіпбай маған қарап: «Әй, бала, босат орныңды, мына ұлы адам отырсын!» деп маған ақыратын. Бірақ Иса-екең менің орныма емес, бос орыңдыққа барып отыратын. Содан соң екеуі алма-кезек қызықты-қызықты әңгімелер айтып, менің де ішек-сілемді қатыратын мен күлкіден бас көтер алмай қалатынмын.
Иса-аға ол кезде еш жерде жұмыс істемейтін. Шығармалары да жиі басылмайды. Өйткені, ол бір кездегі (қазір жариялылық қой, ашық айту керек) қазақтың кейбір қызғаншақтық жалыны шалып, «Сталин нұрының астында» күн көріп жүрген ақынсымақтар «гонорар» жорығында ешкімге де дес бермейтін. Әсіресе осы 1940 жыл Иса-ағаға да, Қасым Аманжоловқа да ауыр жыл болды. Белсенді жазушылар – «жаппасшылдар» екеуінің соңына шам алып түсті. Қасым туралы «Казахстанская правданың» бетіңде «Поэт-хулиган» деген фельетон да шықты. «Газет бетінде жарияламауға, радиоға да жолатпауға» деген қаулы алды.
Міне, осындай ауыр күндерде біз Несіпбай екеуміз асыл ағаларымыздан алшақ кетпеуге тырысып бақтық. Қазір ойлауымызша, осының бәріне ұлы ақынға деген махаббат ұйытқы боды-ау деп ойлаймын.
Иса аға жөнінде үш адамның пікірін тыңдадым. Олар:
1. Мағжан Жұмабаев
2. Әлкей Марғұлан
3. Анна Борисовна Никольская
Мен Омбы рабфагын 1936 жылы бітірдім. Сол жылы Мағжан лагерьден Қызылжарға оралды. Ұлы ақынның тірі оралуы мен үшін таудай қуаныш еді. Өйткені, мен Мағжанның өлеңдерін бес-алты жасымнан жаттап өстім.
Сондықтан ба, қалай, мен әйтеуір Мағжанды жанымдай жақсы көретінмін. Ақын болуды армандайтынмын. Бірнеше қалың дәптерді толтырған өлеңдерім де болатын. Оны-мұны, ұсақ-түйек тақырыпқа жазылған өлеңдер. Әрине, кейде ұлы Сталиннің да нышпандығын дәріптейтін өлеңдер де жазып қоямыз. Чкалов пен Байдуковты мақтайтын кездеріміз болды.
Мен Қызылжарға келш, облыстық оқу бөліміне жұмысқа орналастым. Ол кезде жұмыс сағат 16.00-де бітеді. Тура Мақандікіне барам. Кешкі сағат 7-8-де үйге қайтам. Мақаң орыс меқтебінің алтыншы-жетінші кластарында орыс әдебиеті мен орыс тілінен сабақ береді. Шәкірттеріне диктантты көп жаздырады. Бір баланың жазғанын қызыл сиямен өзі түзетеді де, қалғанын сол дәл Мағжанның түзеткенініндей етіп мен түзетемін. Диктант жоқ күні әңгімелер айтамыз, немесе Мақаң маған өзінің өлеңдерін айттырады. Өйткені өзінің бала күнінен бастап жазған телегей-теңіз дастандары мен өлендерінен бірде-біреу жоқ. Сондықтан өз өлеңдерін басқаның аузынан тындау – ол-кісі үшін зор қуаныш.
Екінші, менің бір байқағаным: Мақаңның үйінде кітап деген жоқтың қасы. Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы шыққан орысша кітабы, сон-соң Абайдың жұп-жұқа бір кітабы жатады, сол жылдары баспадан шыққан Ілияс Жансүгіровтың бір өлеңдер жинағы мен Иса Байзақовтың баяғы маған жіберген кітабы сияқты «Құралай сұлу» дастаны. Бұл кітаптардың өзін Қызылжардағы балдызы Сабыркейдің үйінен алыпты.
Ал Мақаңның Сасықкөлдегі өз үйіндегі кітапханасы әлдеқашан талқандалған, талан-таражға салынған.
Иә, сөйтіп, Мақаң маған жатқа өлең оқытады. Көбіне өзінің өлеңдерін, содан соң «Құралай сұлу» мен «Қойшының ертегісінен» жатқа айтқызады.
Кейде Мақаңның ақындарға беретін бағасын тыңдаймын. «Осы Иса қандай ақын?» деп сұраймын. «Иса, - дейді Мақаң, - ол аллатағаланың қазақ халқына сыйлыққа бере салған теңдесі жоқ бір бұлбұлы, Хамза. Өткен ғасырларда да қазақта не ғажап жыр дүлдүлдері болған, бірақ солардың бірі де Исаға тең келе қоюы екі талай. Иса сияқты ақын әр жүз жыл сайын емес, мың жыл сайын бір-ақ рет тууы мүмкін».
Міне, Исаға асқан романтик Мағжанның берген бағасы осындай.
Исаға берген баға екінші ұлы адам энциклопедиялық білімі бар ғұлама Әлкей Марғұлан еді. Әлкей аға Иса туралы пікірін Мүхтар Әуезовтің музей-үйінде Халық университетінің сабағында бір топ халықтың ортасында айтты. Ғұлама былай деді: XX ғасырда жер шарында Иса Байзақовқа тең келетін ақын жоқ. Ол жалғыз өзінің «суырып салма» шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге асқан даналығымен де, сұлу сөзді мәнерлеп, кестелей білуімен де күллі Әлемнің әйдігі екендігін көрсетіп тұр» - деді.
Иса-аға туралы маған сыр шерткен үшінші адам ол Анна Борисовна Никольская – Анна Ахматова сияқты орыс әдебиетінің классигі. Бірақ Никольская да дәл Ахматовадай өмір бойы мұң мен зардың жүгін арқалаумен өткен адам. Көп жыл қамауда отырып, құр сүлдесі ғана қалғаннан соң қазақ жерінде айдауда өмір сүрді. Қазақша үйренді. Қазақтың классикалық стильде жазылған эпикалық дастандарын зерттеді, соларды түп нұсқалардан оқып түсінудің амалдарын іздестірді. Мұқтар Әуезовтің «Абай» романын да алғашқы аударған осы кісі. Анна Борисовнаның бұл тәржімесін оқып отырғанда әрбір өлеңнің жыр сырына қанық адам: «Бұл аударма емес, тек Иса ағаның өзі дәл осылай етіп орысша жазса керек» - дегендей ойға қаласың. Аударма – ғажайып.
Мен 1940 жылдың 11 желтоқсанында өскен Алматымен қоштасып, әскерге кеттім. Мен кетерден үш-төрт күн бұрын Несіпбай Манашев менімен қоштасу кешін ұйымдастырды. Қазіргі көк базардың қарсысында бір ресторан бар-ды, кешті сонда өткіздік. Небәрі бес кісіміз: Иса-аға, Қасым Аманжолов, жазушы Мәулікеш Қайболдин, Несіпбай және мен (Қапан Сатыбалдин осы 1940 жылдың сентябрьінде Мәскеуге барып, кинематографистердің институтына түскен). Барлығы маған оң сапар тілеп, аман-сау тез елге оралатынымды айтып, жүрегімді әлдеқандай бір жылы сөздерге бөлегендей болды... Бірақ мен тым ұзаққа кеттім. Өскен Алматыға он алты жылдан соң әрең оралдым. Келсем Иса-аға да, Қасым да, Несіпбай да мәңгілікке сапар шегіпті. Тірі қалған тек Қапан ғана екен. Алматыда алғаш кездескенде Қапанның Панфилов паркінің ішінде отырып маған айтқан ғибрат сөздері менің әлі күнгі есімнен кетпейді. Оның айтқанын орындасам, сөзсіз, мен бүгінгідей мешеулікке душар болмас едім.
Қапан маған былай деді: «Хамза, өзіңнің айтуыңа қарағанда, сен Европаның көптеген абақтыларында отырыпсың. Содан соң ел-жұртыңды сағынып, өз Отаныңа келген екенсің. Отаның от-арбасына мінгізіп, Колымадан бір-ақ шығарыпты. Енді сенің миың борсып кеткен қырғыздың бозасындай, ойың-отыз, қиялың-қырық. Сондықтан сен кешікпей Алматыдан кетуің керек. Ең кемінде төрт-бес жылға. Ел арала, мауқыңды бас. Алматылық «данышпандардың» көзіне түспе! Бұлар сені әлдеқашан Гитлердің «қызыл кітабына» жазып қойған. Сен ақталып келгенмен, қазақтың қазақтығы қалмайды. Соңына шам алып түседі. Бәрінен де сенің әдебиеттегі «ағаларың» қауіпті. Олар сен түгіл Иса мен Қасымға да күн көрсетпеген. Ал сен олар үшін – оңай олжа. Сандалтып, жындандырып жіберуі күмәнсіз!».
Міне, Қапанның осы бір маған айтқан достық уағызы енді менің есімнен кетпейді. Айтқаныңды орындамадым – болжамы мүлтіксіз болып шықты.
Мұның бәрін мен неге айтып отырмын: мен айтқандай елге кетпей, Алматыда сандалып жүргенде бір күні өзіммен баяғыда бірге оқыған досым Иван Калашниковтың үйінде Анна Никольскаямен кездесіп қалдым. Иван екеуі бірін-бірі сыйлап, бірінің үйіне бірі барып, айдауда, қапаста бастан кешкен хикаяларын жыр етіп айтып отырады екен. Енді бұл екеуіне мен қосылып, үшеу болдық. Анна Борисовна тамаша инабатты, өте жоғары мәдениетті адам екен. Бізге жас күніндегі және түрмедегі өмірлерін айтады. Содан кейін қазақ елінің ақындардың елі екендігін керемет бір сүйіспеншілікпен толғана сөйлейтін. Бірде: «Мен Иса ақынмен ылғи Мұқтар Әуезовтің үйінде кездесетінмін. Мұқтар өзінің жақсы көретін адамдарын үйіне жиі жиятын. Қанша жиса да Иса екеумізді шақырмай қоймайтын. Шіркін, Иса отырған жер думан-ғой. Мұқанның үйіне қанша адам жиналсақ та бәріміздің назарымыз жалғыз Исаға ғана ауатын. Әрқайсымыз өзімізше Исаның айтар өлеңдерінде тақырып ойлап табуға құлшынатынбыз. Тақырып берсек болды, Иса сәл ойланбастан төгілтеді. Бәріміз аузымызды ашып, ұйып қаламыз. Әсіресе Мүқтар жұмақ лебінен періштелердің лебізін тындағандай масаттана тындайтын. Япыр-ай! - дейтінбіз, - бұл қайдан шығып жатқан теңіздің тасқыны. Осындай ұл тудырған қазақ халқының алдында бас иіп, тағзым еткің келеді!» - деп бір тоқтайтын.
Міне, марқұм Анна Борисовнаның қазақ еліне, оның поэзия дүлдүлі Исаға деген махаббаты осындай еді. Менің тәңірісіндей табынатын, пайғамбардай сыйынатын, Мағжан жоқта Мағжаным болған жан ағам Иса туралы білетіндерім осы.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды