1922 жылдың кысы. Семейде тұрғанымда бір күні маған мынандай хат келді: «Тілеубай Атекіровтің үйінде үлкен мәжіліс болады. Қадірлі қонақтармен бас қосамыз. Олар - ӘріП, Көкбай және Абайдың баласы Тұраш, тағы басқа адамдар. Соған сіздің келуіңізді сұраймыз!» Мен Көкең мен Әріпті көрген емес едім. Ол адамдармен кездесетініме қуанып қалдым. Біраздан соң маған жүгіріп Иса келді.
- Бүтін қайда болатынымыздан хабар тиді ме? - деді. Мен күліп хатты көрсеттім.
Иса: - Дәл осы хат менде де бар. Бүгін екеумізді Көкең мен Әріп алдында тағы да айтыстырады, - деді. Әріп пен Көкбай екеуінің бұрыннан әркез айтысып жүретінін жақсы білеміз.
Уақытында екеуіміз де бардық. Екі бөлмелі кең үй лық толған адамдар. Баршасы сол кездегі Семейдегі басшы қызметтегілер және мұғалімдік оқуындағылар екен. Әріп пен Көкең Иса екеумізді шақырып алып, қолымызды ұстап:
- Ақын жігіттеріміз, амансыңдар ма? Былай отырыңдар! – деп кісілерді ығыстырьш, өздеріне жақынырақ жерден орын берді.
Отырғандардың сұрауы бойынша, Көкең Абай туралы білетіндерін еске түсіріп, қызық әңгімелер айтты. Ол кісі Абай өлеңдерінің қай ретпен, қалай шыққанын және өзімен бірге еріп жүргенде, Абайдың өзгеден өзгеше мінездерін де айтып берді. Айтқан сайын ол сөзден сөзге көшті. Көп сөздері әлі есімде.
Бірақ Иса туралы білетінімді, басымнан кешіргенімді айтатын болған соң бұл арада бәрін жаза алмадым. Сонда Көкеңнің қара сөзге көсемдігі көпшілікті ерекше таң қалдырды. Бір сөздің қисынынан Әріп тобықтының руларынан жапсарлас отырған Уақ, Сыбан еддерінің мезі болғанын және Абайдың кейбір өлеңдері Көкбайдың өзінің атынан таралып кеткенін де еске салып өтті. Көкеңнен кейін Әріп өлеңмен де, қара сөзбен де көпшілікке мағыналы сөздер сөйледі.
Әріптің өзгеден бір ерекше өзгешілігі өлеңнің төрт жолы неше түрлі елдің тілімен (қытай, орыс, араб, тағы басқа тілдер) сөйленіп, ұйқасы қазақша бітіп отырады екен. Мысалға, Иса мен маған қарап айтқан бір-екі ауыз өлеңін айтайын:
Айтамын кәрілікпен көпті көрген,
Көп болдым сөзге саят мен де мерген,
Қапшыққа түскен кездің қадірін біл,
«Доқауас» күндерінде «інжу терген», -
деп сөйледі. Бұдан басқа терең мағыналы талай сөздер айтылды. Бірақ көбі есімде қалмалты.
Көкең мен Әріп ақындардың мағыналы сөйлемдер айтыс алдындағы жас ақын біздерге ақыл, жол, өнеге сияқты екенін кейін барып түсініп, ұғындық.
...Бір мезгілде Әріп пен Көкең ақсақал Исамен маған сөз беруді тіледі. Алдымен Иса сөйледі. Шынын айтайын, оап сол күні Исаның суырып салма ақындығы көпшіліктің көзіне ақ алмастай жалтылдап, шолпандай жарқылдап көрінді. Тіпті өзінің бұрынғы менімен айтысып жүргені мына сөздің қасында әлдеқайда осал болып көрінді.
Исаға көпшілік риза болды. Бірақ айтыс аяқталмады. Иса қыза түсті. Сондықтан бізді 20 март күні Семейдегі Лунашар атындағы клубта айтыстыратын болды. Ол клубтағы айтыс көпке созылды, бұл Исамен менің үшінші рет айтысуым еді. Бұл жолы көпшілік көзіне де, төрешілерге де Исаның ақындығы, суырып салмалығы менен әлдеқайда үздік шықты. Ел екеумізге де алғыс айтып, риза болып тарасты. Иса сол жылы жалғыз мен емес, сан ақынмен айтысты. Мысалы, Абралы ауданындағы Әбділда ақынмен, Бесқарағай ауданындағы Дүбірбайұлы Жабайхан ақынмен айтысты. Иса бәрінен басым шықты.
Ал менімен Иса жалғыз ғана Семейде айтысып қойған жоқ, 1924 жылы Орынборда айтыстық. Сол жылы осы Сәбит, Ғабит - оларда рабфакта оқитын-ды.
1928 жылы Қоянды жәрмеңкесінде, Мәшһүр Жүсіп қатынасқан бас жиналыста айтыстық. Бәрінде де Исаның беделі ел көзіне үстем көрінді.
1939 жылы Алматыға келіп, «союз писательде» халық ақындарының басқарушысы болып тағайындалды. Сонда мені басқа жолдастарына айтып, ақырында маған хат жазып, Алматыға келіп кетуімді өтінді және Есмағамбет (Ысмайылов) Семейге келіп, Исаның сәлемін жеткізді. Менімен кездесіп, танысқан соң Алматыға келуіме ақыл айтты. Ауру сырқаулы Исаның әртүрлі жағдаяттарын естіп, шет жағасын айтып, өзім өлеңмен хат жаздым. «Сенен тәтті үміт күтуші ем, мен ғана емес, халық, ел күтуші еді, соны акта!» - деп. Сонда Иса марқұмның маған жолдаған жауап хаттағы бір-екі ауыз өлеңі мынау:
Нұреке!
Мен сорлыға, жан аға, жақын бар ма,
Ес білгелі секірдім жардан жарға.
Аңқылдап ақ көңілмен сөзімді айтып,
Кез болдым кейде досқа, кейде жауға.
Сонда да бағым-асау, көңілім - тағы,
Тағдырымда қинады жетпей шағы.
Қуанам жас баладай кей уақытта,
Өмірдің шамын көріп ауылымдағы, -
деп марқұм көп қиналып, кісі жыларлықтай өзінің жайын жазыпты. Иса жалғыз ғана осы өлеңді жазып қойған жоқ.
Иса туралы менен мәлімет сұраушыға әзірше айтарым осы.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды