Мұсахан ҚАНАПИЯНОВ «ҮШ КЕЗДЕСУ»

Иса Байзақов ауылдас ақын болғанымен дарын оны ел маңына тоқыратпады. Исаның елге амандық біле келуінің өзі үлкен думанға айналатын. Мөлдіріген ән, төгілген өлең, ойнақы актер Иса жүрген жердің думанға айналмас шарасы бар ма.

Мен Исаны алғаш 1927 жылы көрдім. Жас кезім еді ол. Алғашқы кездесуден алған әсерімнің күштілігі ғой, Исаның асқақ даусы әлі құлағымда тұрғаңдай. Жиын Әбіш дегеннің үйінде болды. Ақын ағамыз сол кездегі әншілер салты бойынша әр түрлі өлең айтты. Оның ішінде қолма - қол шығарып айтқан өлеңдері де көп. Бір аңғарған нәрсем -шығарған өлеңіне нақыштай жаңа әуен тауып айтып отырды.

Екінші рет Исамен кездескенім 1929 жылдың шілде айы. Ол кезде біз Шұңқыркөл жайлауындамыз. Әміре бастаған топпен бірге тоғайдағы елге концерт қойып келді ол. Әміре сияқты әннің құдіретті шеберінен кейін де Исаның өлеңі аса бір құрметті ықыласпен тыңдалды.

1930 жылдың күзінде Төретұмсық қыстауында тұратын елдің жігіті Шыттың Айтмағамбеті атты әскер қатарынан үйіне оралды. Оның келуіне жасалған тойға Иса да қатысты. Осы тойда Иса өлең айтты. Енді бұрынғы табиғат суреттеу шеберлігіне саяси зеректік қосқан. Жұртшылықты социалистік құрылысқа жұмылдыратын бағытта айтқан өлеңдері көп.

- Колхоз, совхоз жайында шығарып айтыңызшы, - деді бір шаруа.

Сонда Исекең «Северный» совхозының болашағын дәл қазіргі күйіндей етіп суреттеп бергені бар. Техниканың алып болашағын меруерттей сөзбен тізіп айтқанда таң қалмаған, сол күнді тезірек көруге ынтықпаған пәнде қалған жоқ.

Қандай жиында болсын Исекең отырған адамдардың тілін табуды көздеуші еді. Осы жолы да солай болды. Қарттарға терме мен поэма, әйлдерге бостандық жайында, балаларға күлдіргі ән айтты.

Үш көргенімнің үшеуінде де Исекеңді өнерге өнер қосқан күйінде кездестірдім. Алғашқыда суырып салма ақын болса, кейінгіде актер-ақын, соңғыда ақылға толыққан, білімнен сусындаған халық ақыны болғаны аңғарылды.

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды