Бұл 1934 жылдың жазында болған оқиға еді. Мен онда 14 жаста болатынмын. Өлеңді суырып салып айта бастаған кезім. Ірі ақындардың бірде-бірімен кездескен емеспін. Кездесуге құмармын.
Бір күні ауыл адамдары бізден елу шақырым жердегі Қараөзек ауылына Иса ақын келіп жатыр деген хабарды естіп, атқамінер азаматтары: ішінде колхоз бастығы, мұғалім бар сонда баруға қамдана бастады. Бала ақын деген атым бар, сондықтан ба, мені де ала кетті.
Күн тымық, сәл қапырықтау болатын. Қараөзекке жақындай бергенімізде алдымыздан біреу кездесе кетті. Менің көзім көрмейді, қасымдағылардың сөзінен мен оның велосипедпен келе жатқанын аңғардым.
Үлкендер көлікті тоқтатып, жолаушымен амандасты да:
- Қараөзектен келесің бе? - деп сұрады қасымдағы ағалардың бірі.
- Қараөзектен.
- Иса ақын сонда ма?
- Оны қайтесің, айтысайын деп пе едің? - деп шап ете қалды жолаушы тура жауап берудің орнына.
Ауылдасым не дерін білмей, абыржыңқырап қалды. Жолаушы өлеңдете жөнелді.
Исаны не себептен жүрсің іздеп?
Іздесең айтайын мен жолды мезгеп.
Үйінде Қалкеновтің табыстырсын,
Атынды Шарлаққа айда «былай тұр», - деп.
Өнерліге өнерлі болар жолдас,
Құдай жазса бұл бақыт кімге қонбас.
Исамен айтысатын ойың болса,
Сол іздеген Исаңыз алыс болмас.
Бұл адамның Иса ақынның өзі екенін, Шарлаққа бара жатқанын түсіндік. Енді өлеңге өлеңмен жауап қайтару керек. Ауыл мұғалімі Кәрім аға маған қарады.
- Жауап қайтара аласың ба?
Сөз саптасынан бұл адамның Иса екенін сезгеннен-ақ, тіліме өлең шумақтары иірім берген еді. Мен де өлеңдеттім:
Ассалаумагалейкүм, Иса аға!
Алашта аты шыққан Сіз бір дана.
Шығып ем Сізден бата алайын деп,
Боп қалған көзден зағип мен бір бала.
Иса аға өлеңмен солем бергеңіме көңілденіп кеткен сияқты. Рахметін айтып, екі-үш шумақ өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Атымның, затымның кім екенін сұрады. Бұл шумақтар жадымда сақталмады. Ал, өзімнің берген жауабым мынау болды:
Жанастым жақсыларға дос болам деп,
Іздендім бұл өнерден бос қалам деп.
Затым - Қыпшақ, Құлатай - бергі атамыз,
Ұлы едім Мұсайынның - Есмағамбет...
Велосипедті арбаға салып алдық, Иса ақынды арбаға мінгізіп алып, Шарлаққа тарттық.
Шарлақта Иса ақынға арналып кигіз үй тігілген екен. Халық көп жиналды. Аудан оргалығына таяу жердегі ауылдардан да келген екен. Бірнеше қой сойылды. Төрде Иса ақынның қасында аупарткомның екінші хатшысы Сүлеймен Жамалов және ақсақалдар отырды. Манағы өлең шумағында айтылған Үсейін Қалкенов деген жігіт аупарткомның нұсқаушысы екен. Көбінесе, бәрін басқарып жүрген сол.
Алдымен дастархан жайылып, шай ішілді. Содан кейін Үсейін домбыраны Иса ақынға ұсынып еді, ол:
- Ауылыңның алты ауызын айтатын ешкім жоқ па? - деп сұрады. Ешкім үн қата қоймады.
- Ендеше, - деді де Иса домбыраны маған ұсынды.
- Бұл баланы білесіздер ме, жоқ па? Білмесеңдер осы айтады. Әлде айтысасың ба? - деп сұрады менен.
- Жоқ, - дедім мен.
- Ендеше көзің қалай кетті, соны суреттеп көрші.
Мен үш-төрт ауыз шығарып айтып көрдім. Бірақ көсіліп кетерліктей жағдайым жоқ болатын. Ақын аға да, көпшілік те соның өзіне риза болған сияқты. Содан кейін домбыра Иса ақынның өзіне тигенде, ол өзінің желдірмесіне басып, желдей есіп жөнелді.
Бұл бүкіл Қазақстан жерін өрттей жалмаған ашаршылық қырғынынан кейін елдің жаңа ғана еңсесін көтере бастаған кезі болатын. Заманның беталысы түзеліп келе жатканына шүкіршілік етіп, халқымыздың болашағы үшін балаларды жаппай оқуға беруге, ерлікке, білімділікке гәрбиелеуге шақырды. Сөз арасында мені де жырға қоса кетті. Жол үстінде кездескенімізді сипаттап, алыстан өзін іздеп келгенімді өнерді бағалағандық деп мақтады.
Шарлақта бір-екі күн бірге болдым. Одан кейін ақын бір-екі ауылды аралағанда мені өзімен бірге алып жүрді. Мен үйіме тап бір төбеме бақыт құсы қонғандай үлкен қуанышпен, мақтанышпен оралдым. Атақты ақынның қоштасарда:
- Бала, өнеріңді дамыта бер. Сенен тәп-тәуір ақын шығады! -деген сөзі маған қанат бітіргендей әсер калдырды.
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды