Қ. ҚУАНЫШБАЕВ «ИСАМЕН АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІМ»

#

Қайнаған базар, күнімен құмырсқаның илеуіндей жыбырлап шаң-тозаңы аспанға шығып, әлдеқалай құйын жүріп кетсе алай-түлей болады. Өйтпесіне шара жоқ. Жәрмеңкенің өзінен басқа үш бөлек мал базары бар: жылқы базары, қой базары, сиыр мен түйе базары. Жәрмеңкенің батыс жағында, тап ортасында биік төбесі бар қарасор, алды мидай дала, оңтүстігі Саржал, Тоқпан деген қоңыр тау, солтүстігі Қояндының биігі, күншығыс жағы Қызыл шоқымен Талдыны өрлей, айналасы жүз шақырымнан аса жерде жүн, тері-терсек тиелген арбалар. Сатуға әкелген малдан, кісені сылдыраған арқандаулы тұрған аттан ине шаншар бос жер болмайды деуге болады. Әлдеқалай күндіз базарда жүріп жолдасынан айырылып қалған адамдар, кешке қайтқанда қостарынан табысады...

Сол жәрмеңкенің бір түні, бірсыпыра адамдар қызыл іңірден-ақ бір тәуір қымызшының үйін иемденгенбіз. Әншілер де, өнерпаздар да, күлдіргіштер де тәуір-ақ жиналып отыр еді. Оның үстіне сол жерге Майраны қонаққа шақырып әкеп, көпшіліктің ықыласпен ән тыңдап отырған бір кезі еді. Он сегіз баспалы гармоньды ырғай изеп, соза тартып, отты екі көзі ақықтай жарқылдап, Майра бір әнді сыңқылдай салып отырғанда, екі-үш кісі кіріп келді. Бұрын көрмеген адамдар. Әйткенмен, жат конаққа орын беріп, ортаға алып отырыстық. Олар Майрамен таныс адамдай амандасты. Подностың үстіне кәрлен кеселер шығып, қымыз құйылып қонақтарға ұсынылып та қойды. Думан бұрынғыдан қыза берді. Өйткені қалжың, әзіл, біреуді-біреу қолға алып шақпа тілмен, қулық сөздер басталды. Кейінгі келген үш қонақтың біреуін сипаттап Зәрубай қу ұзын бойлы, терең ойлы, түйенің кешкі көлеңкесіндей ербиген адам екен десе, Омар тұрып, - өзі әр ұлттан құралып жасалған ба, қалай түр-сипаты, әркімге ұқсайды екен, - деп, тағы бір жігіт тұрып, - тілі де қызық екен, ауыздығын шайнап тұрып кісінеген асау тай сияқты, - дейді. Әне, біреу ешкі бас жігіттің көзін қарашы, кісіге қарағанда тесіп өте жаздайды. Өзі ойнақтап бір жерде отыра алмай отыр, - деп, әрқайсысы осындай сөздерді естір-естіместеу қып айтып, қымызды жұта түсіп отырысты.

Үйдің іші толған үстіне тола берді. Майрадан кейін кезек бойынша Қали «Аққұм», «Ғазіз», «Шама», «Алтыбасар», «Топай көк» міне, осындай алуан әндерді айтып жатты. Зәрубай, Омар тағы-тағылар өнерін көрсетіп жиылған елді де, сый қонақты да күлкіге батырып рақаттандырып жатыр. Бұл кезде төрде отырған қонақтың ішіндегі ешкі бас, өткір көзді жас жігіт күйіне келіп, бабына түскен бе, бүйрек қызыл шұбар қаршығадай ойнақтап отыра алмай отыр еді. Қасындағы ұзын бойлы, жасы үлкен кісі, қарынан қысып, санынан нұқып, етігінен басып тоқтатып отырды.

- Майра, домбыраларыңызды қонаққа неге ұсынбайсыздар? Сіздер білмейсіздер, бұл - ақын Иса. Біздің Керекудікі - дегенде Исаның көзі ойнақтап, қолы домбыраға тиер-тиместен, шырқай айғайлап:

«Домбыра - екі ішекті ішің қуыс,

Ызботтан сөзім шықсын уыс-уыс,

Майра апам домбыраны алып берді,

Исада түні бойы болмас тыныс», -

деп ағыза жөнелді.

Түйдек-түйдек сөз деген кетіп жатыр. Арасында бағанағы әзілқой жігіттерді де шаншып-түйреп өтіп жатыр. Біреуге-біреу: «Аты - таныс ат. Осы Исаның жазғандары да бар-ды» десіп отыр. Тап сол айдың ішінде «Таң» журналы жәрмеңкеде көп сатылған. Соның ішінде Исаның «Алтай» атты поэмасы басылған екен.

- Ә, Байзақов Иса сен екенсің ғой! Естуіміз бар, шырағым, көрмеген соң қайдан білейік. Жолдарыңыз болсын, - деп Исаға жұрт ықыластана түсті. Иса өзін де, қасындағыларын да жұртқа өлеңмен таныстырды. Сонан кейін:

«Жәрмеңкең құтты болсын Советский,

Сіздермен кез боп қалдым өң мен түстей,

Жынды Омар, Зәрубай мен Қалибекті

Ұмытпан мен де, сірә, жанар өшпей.

Қоянды қызыл тулы тұрған жайнап,

Неткен ел сейіл-серуен салған ойнақ.

Ащы тіл, әдемі әзіл, сән-салтанат,

Шаттықпен гүлдей жайнап, отыр ойнап», -

деп нөсерлетіп, екпіндетіп, нажағайдай жарқылдатып, желдірмемен ағызып өткенде, мұндай да ақын болады екен-ау, деп сүйсініп отырдым. Бір мен емес, талай адамдар мұндай ақынды құлақ естігенмен, көзіміз көрген жоқ, - десті. Шынында, Исадай ақынның жоқ екені рас-ты. Анық ақынды бірінші көрген сияқты болдық.

- Ой, шіркін-ай! Еліре шабатын ешкі бас екен ғой!

- Сөз бұлағы осындай-ақ болар!

- Сені тапқан анаңнан айналайын! - деген қошеметті алғыс үсті-үстіне үйіліп, қонақтарды қатты құрметтеп аттандыра бастады. Күн шыға пәтер-пәтеріне, қос-қостарына тарау үшін үйден шыққанда, үлкен ақбоз үйдің айналасы қаптаған кісі еді. Тарап бара жатқан жұртың аузында да, таңертеңгі самал желдің ызыңы да «Иса, Иса», - деп бара жатқандай болды.

Бұл 1925 жылы июнь айының іші еді...

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды