Айтпай ХАНГЕЛДИН «ИСА ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНДА»

Бұл 1924 жылдың күз айларының бірі болатын. Ташкент қаласындағы қазақтың халық ағарту институтына жасы жиырма екі, жиырма үш шамасындағы бір жас жігіт келді. Үстінде қара өткерме жағалы қаптал шапаны, басында жасыл масатымен тыстаған пұшпақ бөркі бар осы ойнақы көз, ұшқыр мінезді, қараторы жас жігіт институт тіршілігіне тікелей байланысты болмаса да келген күннен бастап оқушылардың іші-баурына кіріп, өзін-өзі институт оқушысындай ұстап, институттың қоғам тіршілігіне араласа түсті.

Ол бір күні мектебіміздің ойын-сауық үйірмесінің жеті сайын беріп тұратын сауық кешіне өзінен-өзі шақырусыз келіп қалды. Ол былай болды:

Жұмаға қараған кеш институт залының сахнасында институт оқушысы марқұм Жиенбаев-тың өзі жазып шығарған «Қойшы» атты пьесасы қойылмақ. Институттың мұғалімдері, оқушылары тегіс жиналған еді. Оның үстіне басқа мектептерден де келгендер бар, зал адамға лық толулы. Залдың шамы сөніп, сахнада ойын жүріп жатыр. Ойын үстінде көрермендер арасынан, сахнада ойнаушылардың кемшіліктерін оқта-текте әзілге айналдыра сөйлеп, қу тілділенген біреудің сөзі жұртты ду күлдіріп отырған.

Өзі шағын пьеса әне-міне дегенше ойналып бітті де, артынша концерт басталды. Концерттің алғашқы номерлерінің айтылғаны да сол еді, манағы жұртты ду күлдіріп отырған жігіт көпшілік арасынан ұшып түрегелді де, ойын басқарып жүрген жігітке: - Әй, жолдас, концертке бізге де қатысуға мүмкін болар ма екен? - деп еді, ойын басқарып жүрген жігіт табан астынан берілген бұл сұрақты аса лайық көрмеген пішінде:-Ондай өнеріңіз болса ертерек, ойын басталмай тұрып қамдануыңыз керек еді - деп жүре жауап берді. Бірақ залдағы жұрт неге екені белгісіз «қатыссын, қатыссын!» деп дүрсе қоя берді. Не керек, көпшілік тілегі орындалды да, жаңағы жігіт сахнаға шықты.

Ол сахнаға шығып, сол кезде Ташкенттегі қазақ жастарының арасына жаңадан жайылып жүрген «Қызыл бидай», «Екі жирен» әндерін домбыраға қосып, екпінді ырғақпен айтып берді. Онан кейін өз жанынан суыра «Қазақ жастарына» деген темаға тақпақтата жөнелді. Жұрт ду-ду қол шапалақтап жатты. Осыдан кейін өлеңді домбырамен де, домбырасыз да айтып концерт аяқталғанша қайта-қайта шығып араласып отырды.

Осыдан кейін бұл жігітпен біздер қатты араластық. Бұл марқұм Иса Байзақов еді. Бұл өзінің сырқатын емдету үшін Ташкентке келіп қазақ институтында істейтін өзінің бір таныс мұғалімінің үйіне түскен болатын. Ол осында жатып физоинститутта емделді.

Иса институт оқушыларымен талай концертке араласты. Ол жұмысшылар факультеті мектебінде, сот қызметкерлерін дайындайтын курсте, коммунистер университетінде талай-талай концерттерге қатысты. Ол кейде біздің институттың әдебиет сабағына келіп тыңдап та жүрді.

Әсіресе, бір есте қаларлық нәрсе: Абайдың ақындығы жөніндегі бір талас үстінде оның өлеңмен шығып сөйлегені болатын. Мен оның өлеңмен шығып сөйлеген сөзінің алғашқы алты жолын өлі жатқа білем.

Ол Ташкенттегі қазақ жастары клубында, Абайдың ақындығы жайында болды. Бұл жиналысқа Ташкенттегі түрлі мектептерде оқитын қазақ жастарының көпшілігі қатысты. Баяндамашы Абайды байшыл-феодал ақын деп қорытты.

Міне, осы мәселе жөнінде үлкен талас болып, айтыс басталды. Жұрттың көбі баяндамашыны іремей сойып, жиналыстан қашып шыққандай етіп жатыр. Осының арасында баяндамашыны жақтап сөйлеушілер де табылып жатыр. Соның бірі ақын Ғұбайдулла Балақадыров еді. Ол сөзінің басынан бастап, аяғына дейін Абайды байдың, феодалдың ақыны деумен болды.

Балақадыров сөзін бітірісімен Иса орнынан ұшып түрегеліп, жиналысты басқарып отырғандардан сөз сұрады. Сөз Исаға берілді.

Балақадыровтың сөзіне шыдамай, ашу кернеп отырған Иса қызара булығып сөзін салғаннан дәл осылай бастап еді:

«Жаңада айтып кетті Балақадыр,

Сезіне мен отырмын етпей сабыр,

Халқы сүйген Абайды феодал дейді,

Сөз бар ма ұлы ақынға бұдан жәбір.

Алтын мен мысты байқап айырмайтын,

Санасыз Балақадыр неткея пақыр?»

...Бір шарықтап кетсе Исаны тоқтата қою қиынға соғатын. Иса шұбыртып ала жөнелді. Клубтағы жұрт қыран-күлкі, мәз-мейрам болып жатыр. Иса онан сайын қыза түсіп, тіпті Бала-қадыровтың үстіне төне түсті. Жұрт әрең қойдырды.

Иса осыдан кейін Ташкентте 6-7 ай болып, сырқаты жазылған соң еліне жүріп кетті. Осыдан кейін мен онымен Алматыда кездестім. Бұл 1931-32 жылдары менің қазақ радио комитетінде істеп жүрген кезім. Иса өзінің желдірмесін сол жылдары әнге арнап айтқан болатын. Осы желдірменің текстіне менің «Еңбек» деген өлеңімді лайық тауып, сол текспен микрофон алдында Иса бірінші рет, 1932 жылы, өзінің желдірмесін айтты.

Иса туралы: оның ыстық қанды, ұшқырлығы, ерекше тапқырлығы, өзгеше қызық, алғыр характері жайында толық мәліметтер жазу - әдебиетшілердің алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

1950

Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды