Ертістің тұнығына жүзіп, өлең мен жырдың өріне құлаш сермеген, «Желдірмені» желдей үйірген, аса дарынды ақын Иса Байзақовтың туғанына елу жыл толып отыр.
Исаны ел қадірлеп, халық қалаған ақын. Ол өле-өлгенше халықпен бірге жасады. Халықтың теңеусіз қасиетін таза жанымен, шын жүрегімен ұға білді.
Сондықтан да:
«Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды.
Халықтың қасиетін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды»,-
деп жырлады Иса.
Нәзік жанды, тәкаппар үнді Иса ақын өзінің халқына «Ңұралай сұлу», «Алтай аясында», «Кавказ», «Он бір күн, он бір түн» сияқты дастандарымен, «Желдірме», «Наз қоңыр», «Ала-тау», «Екпін» сияқты асқақты әндерін сыйлыққа тартты. Өр Кавказ, тәкаппар Саян туралы жыр-дан маржан тізді.
Кеше, кілегей бұлт торлап, соғыс апаты ел басына қаратүнек кесепатын төндіргенде, Иса ақын фашизмді мірдің оғындай ызалы жырымен аяусыз түйреді. Үгітші ақын, дабылшы ақын деген қасиетті атақты ту қылып ұстады. Халық дегенде ол өнерін іркіп, жігерін тежеп қалған ақын емес.
Байтақ елдің тауын да, тасын да, орманын да аралай отырып, күн сәулесі халықтың шұғыласына бөлене елдің бақытты тұрмысынан нәр алды.
«Мен айтсам тау да, тас та, орман да өлең,
Бәрін де ой толғанса айтып берем,
Дүниеде мен білмейтін бір нәрсе бар:
Соны ғана білмеймін - қай күні өлем»,-
деп толғанды, Иса.
Сөйтіп, ол асқақты ән, тасқынды үнімен жұртты сүйіндірді. Топты көргенде шығандай тартып, үздік шығатын тұлпардай қызатын Исаның дәл бойына тән ерекше қасиеті болатын. Ол өлеңді таудан құлаған көшкіндей тулатып, жырды желдей есіп, «тағыны жегіп қайырған» ақын еді.
«Қарашы, қарағайдың еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра - екі шекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болды ғой серкесіне.
Толқынын топшымменен қақ айырып
Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.
Самғайын қанатымды жел үйіріп,
Қонғандай Оқжетпестің өркешіне»,-
дейді Иса.
Иә, Исаның өзі де ерке, домбырасы да ерке еді. Ел сүйген ерке жанды ақын еді. Өткір тілді, алғыр, зейінді, ұшқыр қиялды Иса марқұм өлеңнің өлкесіне жүзіп, домбыраның да еркесімен сырласа отырып, талай айтыс, талай шаршы топта жарып шыққан кең құлашты, алқапты, өрісті қияға сермейтін халық ақыны еді. Қазақ халқының ардақты азаматы, қадірменді ұлы, жез қанат балапаны еді.
...Әлі есімде Иса ауырып жатқанда, көңілін сұрау үшін жатқан пәтеріне бардым.
- Жақан!-деді Иса,- басын көтеріп,- мен осы сырқатымнан сауыға алмай олай-бұлай болып кетсем, сенің маған істеген жақсылығың: екі балама ақыл айта жүр. Ал, мен туралы бір нәрсе жазғың келсе, тақырыбың-«Халықтың қасиетін жанмен ұққан...» деген өлеңім болсын. Өйткені халық мені еркелетті. Халыққа мен де еркеледім,- деп қасында тұрған домбырасын алды да, он саусағы тоғыз пернені жорғалай басты. Исаның әсем үнді ерке домбырасы да жүректің қылын шертті.
Осы кездесуден аз уақыт өткеннен кейін, Иса ақынды ұзақ сапарға жөнелттік.
Ол ең ақырғы рет көзін жұмып, мәңгі қоштасқанша жүрегі - халықтық, серігі - домбыра, үні де, тілі де - өлең мен жыр болды.
«Өлермін өлеңдетіп, өлгенде де,
Тартынбан әзірейілді көргенде де,
«Мен кетсем, сіз қаласыз» деп жырлармын,
Денемді топырақпен көмгенде де!»-
деп татар халқының ұлы ақыны, классигі Ғабдолла Тоқай айтқандай, Иса ақын өлгенше жырлап өтті. Ол ұлы көсем Ленин мен ...социализм дүниесін өзінің атақты әнімен шырқай салды. Заманымыздың айыр көмей, орақ тілді жыршысы болды. Иса арамыздан кетсе де, оның асау «Желдірмесінің» тасқынды үні әлі құлағымызда, ерке домбырасы әлі көз алдымызда.
Сондықтан да, Исаны халық ұмытпайды, оның қаламдастары біз де әруақытта еске тұтамыз.
1950
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды