Мен, Исаны ең алғаш 1928 жылы көрдім. Онда менің де өлеңді жаңа бастап айтып жүрген жас кезім еді. Иса Алматыдан біздің елге келді. Ол келісімен-ақ елдің адамдарымен іле-ақ танысып, үйренісіп кетті. Еліміздің салтында айтысты өте мадақтайды; осы әдетпен екеумізді айтыстырмақ болды. Мен Исаның алдында өлең бастап, онымен айтысуға батылым бармады. Өйткені, ол менің ақындығымды байқағысы келіп, әртүрлі тақырып беріп, «өлең етіп шығаршы» деді. Мен Исаның берген тақырыбына, жауап ретінде әлім келгенше айттым.
Оған Иса қанағаттанбады, «көргенің», ақындық үлгің аз екен» деп сын айтты. Сонан кейін Алатаудың жаратылысын, оның табиғи байлығын айтқанда, ол сүйсініп тыңдады.
Осы ауылда отырғанда, Жанақ деген елдің адамдары Исаны естіп, хат жазып қонаққа шақырыпты. Иса екеуміз сонда бардық. Барған аулымыздың иесі өркөкректікпен аты шыққан адам еді. Барған бетте ауыл иесі де, көпшілік те құрметтеп қарсы алды. Дайындаған үйлері бар екен, өлең тындаушылар да көп жыйналыпты.
Сонан әңгіме мәжіліс басталды. Иса, өзіне өлең айтыңыз деген елге «нені айтайын, қалаңыздар!» дегенде, жұрт тоқталып, отырып қалды.
— Ендеше өзім айтып берейін — деп, дүниенің құрылысын, күн мен жерді баяндап берді. Одан адам тарихына түсіп, бұрынғы дәуірді бір шарлап шықты. Отырған жұрттың ішінен:
— Бізге ақын «Рүстем-Дастан» жырын айтып берсе, — деген тілек болды.
Бұл тілек жаңа келіп, лапырып отырған ақынға сынай айтылған, «білмесе осыны білмес, осымен бөгелтейік» — деген тілек еді. Иса, «Рүстем» қиссасын арасын үзбей екі күн айтты да, — аяғыиа әлі жеткенім жоқ, — деді, таңданған көпшілік, тамашалап тыңдап: «Білмеймін дейтін нәрсең бола ма?» — деп сұрады, Исадан. Сонда Иса:
— Мен айтсам тау да, тас та, орман да өлең,
Ой толғанса бәрін де айтып берем,
Мен білмейтін дүниеде бір нәрсе бар:
Соны ғана білмеймін, қай күні өлем?.. —
деп өзін суреттеп берді.
Осы ауылдың қасында, ағынды қара су болатын. Құс атамыз деп, Иса екеуміз соған бардық. Жұрт келе жатқанда өзеннің бойынан бір топ үйрек ұша жөнелді. Иса ат үстінен атып қалғанда, бір үйрек далбалақтап, қамыстың ішіне түсті. Үйректің алынуы қыйын деп жүре бергенде, ауыл иесі өзінің еркөкірек мінезіне салып, киімін шешіп тастады да, суға малтып үйректі алып келді. Бұл кез күздің қарасуық уақыты еді, судың бетінде аздап мұз да қатқан болатын, өзінше осы суға түсуін батылдық санап, ол Исаға: «Менің осы ерлігімді өлең етші» — деді. Сонда:
— Көз тіккенде мылтықтан оқ зу етті,
Оқ тиген үйрек жерге түсіп кетті,
Суды малтып, қамыстың түбін тінтіп,
Тазы ит құсап лып етіп алып жетті, —
деді. Ақынның жұлып алғандай тауып айтқан сөзіне ол риза болып, қарқылдап күлді.
Ертеңінде Иса аттанатын болып, ауыл иесі өзінің астындағы бурыл жорғасын ер-тоқыммен әкеліп сыйға ұсынды. Бұл сыйды, «Өлең сатып, мал жыйнағалы жүргенім жоқ» деп Иса алмады.
Содан былай Исамен жан аямас дос болып кеттім. Иса осы жолы мені қалаға ертіп келді де, театрға орналастырып, өз айналасында ұстады. Бұл 1932 жылы еді. Иса Алматыдан үй ішімен көшіп Қарағандыға қызметке барды. Онда да Иса мені ертіп әкетті. 1934 жылы Иса Семейге кететін болғандықтан, мен Алматыға кеттім.
1936 жылы Исаның әйелі Шәрбану қайтыс болып, Иса Алматыға келді де, біздің ауылға барып тұрды.
Иса біздің үйде жатқанда, бір күні Жәкең келді. Жәкең үйге жайланып отырғаннан кейін:
«— Уа, Жәке, кепті көрдің, достық кімде,
Шіркін, жоқтық жігітке кір келтірме,
Отым өшкен, түтінім Саяділдің
Мұржасынан будақтап ұшқан бірге.
Адамшылық арға кеп жұғады екен,
Іштегі іске аса алмай жатқан кірне.
Өз үйім жоқ, керосин қатқан күні,
Сонда қонақ боласың біздің үйге», —
деп Иса әзілдей өлең айтты. Жәкең, Исаны маңдайынан оң қолымен сыйпап, «шіркін, тентегім» деп бетінен сүйді.
Иса жаз болса біздің үйде, күз жетсе-ақ Алматыға қайтатын болды.
Иса мархұм 1937 — 38 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында қызмет істеді. Одан да көрі үнемі араласып, бірге болдық.
1939 жылы ССРО Жоғарғы Советінің президиумы бір топ ақындармен бірге мені де, Исаны да наградтады. Осындай елеулі өмір кезеңдерін Исамен бірге өткіздік.
1941 жылы Отан соғысы басталарда, Иса біздің ауылда болатын. Кешікпей ауданнан көптеген жігіттер майданға аттанды. Сол адамдарды жөнелткенде, екеуміз бірге бардық. Сонда аттанып бара жатқан жітіттерге амандасып:
— Жау алдынан жәй тартқын,
Аман барып, сау қайтқын,
Құлыным-ау, құлыным
Бәріңе де қош айттым! —
деді. Исамен біраз жолдас болғанда, сан мәжіліс, сан топта бірге болдық. Ол осы мәжілістерде талай өлең, талай дастан жырлады. Замандасымыз Иса, елінің келешегі үшін түйінді сыр, өнегелі, әдемі жыр айтқан ақын еді. Екеуміз екі шетте туып - өссек те, бір туған адамдай дос едік. Соның бәрі Исаның бауырмал, адамнан бойын тартпайтын, ақжарқын екендігін көрсетеді. Иса ерекше туған, асыл адам еді.
1950
Материалдар Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясын ғылыми-зертеу орталығынан алынды